Облыс әкімі Асайын Байханов «Павлодар» АЭА аумағында жобаларын іске асырып жатқан бірнеше кәсіпорында болды

Облыс әкімі Асайын Байханов «Павлодар» АЭА аумағында жобаларын іске асырып жатқан бірнеше кәсіпорында болды

«Еуразия механикалық зауыты» ЖШС алаңында өңір басшысы дайын металл бұйымдарын өндіру бойынша іске асырылып жатқан жобаның барысымен танысты.

Құны 9,8 млрд теңге болатын жоба 2022-2025 жылдар аралығында іске асырылуда. Кәсіпорынның өндірістік қуаты - жылына 8 700 өнім, 60 тұрақты және 16 уақытша жұмыс орны құрылды.

Зауыттың бас директоры Игорь Атапин осы жылдың наурыз айында зауыттың бірінші кезеңі іске қосылғанын мәлімдеді. Бүгінгі таңда өндірістегі 11 білдектің 9-ы жұмыс істеп тұр, Испанияда жасалып жатқан тағы екі білдек («Nicolas Corea MAGNA» және «VERXA») жыл соңына дейін жеткізіледі.

Сол жерде өндірісті ұлғайту мәселесі талқыланды. Кәсіпорын жобаның екінші кезеңін іске асыруды жоспарлап отыр. Инвестиция көлемі де 9,8 млрд теңгеден 11,6 млрд теңгеге дейін өседі. Кәсіпорынға ауданы 2 га қосымша жер учаскесі берілді және қосымша 1 МВт электр қуатымен қамтамасыз ету мәселесі қарастырылуда.

Облыс әкімі келісімдерді пысықтау жұмыстарын жылдамдатуды және қажетті энергия қуатымен үздіксіз қамтамасыз етуді тапсырды.

Жұмыс сапары барысындағы келесі нысан «ҚазМұнайХим» ЖШС болды. Кәсіпорында жеңіл мұнай өнімдеріне арналған қоспалар мен аз тоннажды химия, нарықта жоғары сұранысқа ие өнім - деэльмугаторлар өндіріледі.

Жобаның жалпы инвестиция көлемі - 2,5 млрд теңге. Өндірістік қуаттылығы - жылына 4 750 тонна, 43 жұмыс орны құрылды.

Бас директор Ален Кенжебаев 10,6 млрд теңгеге өнім өндірілгенін, оның ішінде 1,5 млрд теңгеге жуық өнім 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында өндірілгенін атап өтті. Экспорт көлемі 800 млн теңгені, бюджетке түскен салық аударымдары 700 млн теңгені құрады. Өткізу нарығы - Қазақстан, Ресей.

Облыс әкімі кәсіпорынның жақсы өсу қарқынын көрсетіп отырғанын, алайда экспорттық бағыттарды ұлғайту бойынша жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.
Жұмыс сапарын қорытындылай келе, Асайын Байханов әкімдіктің басты міндеті - бизнесті дамытуға қолдау көрсету, инфрақұрылымдық мәселелерді уақтылы шешу және инвестициялардың өсуіне жағдай жасау екенін атап өтті.

- Біз түпкілікті нәтижеге, яғни ішкі және сыртқы нарықта сұранысқа ие жаңа жұмыс орындарына, салықтарға және өнімдерге бағытталуымыз керек, - деп атап өтті облыс әкімі.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев