Биылғы жылы жалпы егін алқабы 1 445,4 мың гектарды құрайды, бұл өткен маусымға қарағанда 78,7 мың гектарға артық. Майлы дақылдар мен картоп дақылдары бойынша айтарлықтай өсім тіркелді. Қолайлы жағдайлардың арқасында жалпы 2,67 млн тонна шамасында өнім жиналады деп күтілуде және бұл былтырғы көрсеткіштен 13%-ға жоғары.
Биылғы жылдың ерекшелігі - дара дақылды егіске тәуелділікті азайтып, жоғары рентабельді және сұранысқа ие дақылдарға көшу. Бұл әртараптандыру ішкі нарықты отандық өніммен толтыруға, қайта өңдеуді қамтамасыз етуге және облыстың азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда ерте егілген ауыл шаруашылығы дақылдарының 35,6 мың га жиналды.Осы аптада облыс шаруашылықтары дәнді дақылдарды, картоп пен көкөністерді жаппай жинауға кіріседі.
Диқандарды қолдау үшін 6,1 млрд теңге көлемінде субсидиялар бөлінді, сондай-ақ дамыту институттары арқылы жеңілдетілген несиелер мен техникалар берілді. Егін жинау жұмыстары үшін 100% арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз етілді. Астық қоймаларының жалпы сыйымдылығы шамамен 1,2 млн тоннаны құрайды, бұл 2025 жылғы өнімді толық көлемде сақтауға мүмкіндік береді. Өткен жылдардағыдай маусымаралық кезең үшін 10 мың тонна картоп және 3 мың тонна сәбіз сақтау бойынша ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен меморандум жасалатын болады.
Асайын Байханов қалалар мен аудандардың әкімдері егін жинау жұмыстарының оңтайлы мерзімде жүргізілуін бақылауға алуы тиіс екенін атап өтті.
- Ауыл шаруашылығы дақылдары тұқымдарының қажетті көлемін қамтамасыз етуді тапсырамын. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 25 қазанына дейін шөп дайындау науқанын аяқтап, жемшөпті жеткізуді қамтамасыз ету қажет, - деді өңір басшысы.
Жылу беру маусымына дайындыққа үлкен көңіл бөлінді.
- Мен қалалар мен аудандарда жылу беру маусымына дайындық мәселелері бойынша көшпелі жиналыстар өткіздім. Жалпы дайындық жүргізілуде, жоспарлы жөндеу жұмыстары аяқталуда, - деді әкім.
Жылумен жабдықтау саласына 35,7 млрд теңге инвестиция салынды. Жүргізілген жөндеу жұмыстарының арқасында 46 бірлік жабдықты жаңартып, 31,1 км жылу желілерін қайта жаңартуға мүмкіндік туды.
ERG құрылтайшылары негізгі жылу көздерін жөндеуге қосымша қаражат бөлді. Павлодар қаласының 1-ЖЭО-на 5,3 млрд теңге бағытталды. Бұл негізгі және қосалқы жабдықтардағы жөндеу жұмыстарының көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Ақсудағы РОК-2-де барлық қазандықтарды жөндеуден басқа, көмекші жүйелерді жаңартуға 1,5 млрд теңге бөлінді.
Тозығы жеткен электр желілерінің мәселесін шешу үшін «ПРЭК» АҚ 14,7 млрд теңгеге инвестициялық бағдарлама әзірледі. Оны іске асыру 2026 жылы басталады.
Әлеуметтік сала нысандары бойынша дайындық: білім беру - 566 мекеменің 563-і (99%), денсаулық сақтау - 305 мекеменің 286-сы (94%), автономды қазандықтар - 394 мекеменің 389-ы (99%) дайын.
Бүгінгі таңда 2499 көп қабатты тұрғын үйден 2477 үй дайын немесе 99,1%. Оның ішінде Павлодар қаласы бойынша 1268 көпқабатты тұрғын үй (1308 үйден) немесе 96,9%, Екібастұз қаласы бойынша 635 көпқабатты тұрғын үй (705 үйден) немесе 90,1%. Ақсу қаласында және облыстың аудандарында көппәтерлі тұрғын үйлер 100% дайын: 265 және 221 көпқабатты тұрғын үй.
Гидравликалық сынақтардың нәтижелері бойынша 295 ақау анықталып, бүгінде 269-ы жойылды. Қалған 26 ақауды жөндеу жұмыстарын 2 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарлануда.
Қалалар мен аудандардың әкімдеріне 10 қыркүйекке дейін қазандықтар мен инженерлік желілерді күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау, сондай-ақ көмір жеткізуді қамтамасыз ету міндеті қойылды. Энергетикалық және коммуналдық кәсіпорындардың басшыларына жөндеу кестелерінің орындалуын қатаң бақылауда ұстау тапсырылды.
- Жылу беру маусымының басталуына аз уақыт қалды. Өңірдің бірінші кезектегі міндеті - барлық тәуекелдерді азайтып, қыс мезгілінде облыс тұрғындарына сенімді және үздіксіз жылу беруді қамтамасыз ету, - деп атап өтті өңір басшысы.
Сонымен қатар, жиналыста Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығын мерекелеу талқыланды. Облыста «Ата Заң – Тәуелсіздік тірегі» жалпыұлттық бағдарламасы аясында өңірлік іс-шаралар жоспары іске асырылуда. Азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға және патриотизмді нығайтуға бағытталған 700-ден астам іс-шара жоспарланған.
Мерекелік іс-шаралар 30 тамыз күні Ertis Promenade сахнасында Нұржан Керменбаевтың, ULUTAU тобының, «Бәйтерек» және ABYROY ансамбльдерінің қатысуымен өтетін мерекелік концертпен аяқталады. Сонымен қатар, облыстың барлық аудандарында концерттер мен мәдени бағдарламалар өтеді.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев