Биыл 1 қыркүйектен бастап 360 мектепте 116 мыңнан астам оқушы білім алатын болады. Оның ішінде 10 552 бала алғаш рет мектеп табылдырығын аттайды.
2025-2026 оқу жылында өңірде 840 білім беру ұйымы жұмыс істейтін болады және барлық балалар үшін сапалы қызметтерге тең дәрежеде қолжетімділікті қамтамасыз етуге назар аударылады.
Мектепке дейінгі секторды дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Биыл 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту көрсеткішін ұлғайтуға мүмкіндік беретін 220 орындық төрт жаңа балабақша ашылуда. Бұл ретте ауқымды қаржыландыру реформасы жалғасуда: «ақша баланың соңынан жүреді» ваучерлік қағидаты енгізілуде. Бүгінгі таңда бұл тетікпен Павлодардың мектепке дейінгі 83 ұйымы қамтылып, 7545 ваучер берілді. Жыл соңына дейін жаңа модель өңірдің барлық балабақшаларында іске қосылады. Бұл қаржыландырудың ашықтығын арттырады және мектепке дейінгі білім беру саласында бәсекелестік үшін жағдай жасайды.
Жайлы білім беру ортасын құруға көп көңіл бөлінуде: 32 мектепте жөндеу жұмыстары жүргізілуде және бүгінде оның басым бөлігі аяқталды. Сонымен қатар, 21 мектепте 427,2 млн теңгеге жаңа оқу кабинеттері пайда болды.
Оқулықтармен қамтамасыз ету де маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Оқулықтарды жеткізу орталықтандырылған түрде жүзеге асырылуда: Павлодар, Екібастұз және Баянауыл толықтай қамтылды, ал басқа аудандарға оқу әдебиеттері кезең-кезеңімен жеткізілуде. Бүгінгі таңда қамтамасыз ету көрсеткіші 72%-ға жетті және алдағы күндері толығымен жеткізіледі деп күтілуде.
Оқушыларды әлеуметтік қолдау шаралары дәстүрлі түрде басым міндеттердің бірі болып табылады. Барлық бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Қосымша 1,2 млрд теңге сомаға әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 11,3 мың оқушы «Жалпыға бірдей білім беру» қоры есебінен тамақтанатын болады.
Сонымен қатар, мектеп формасы мен оқу құралдарын сатып алу үшін осы санаттағы әрбір оқушыға 53 663 теңге төлем көзделген. Бүгінгі таңда 7,6 мың бала жалпы сомасы 409,1 млн теңгеге қаржылай көмек алды.
Жыл сайынғы «Мектепке жол» акциясына депутаттар, кәсіпорындар мен кәсіпкерлер қосылып, 12 мыңнан астам оқушыға көмек көрсетіледі.
Білім беру мекемелерін техникалық жаңғырту дайындығы жоғары деңгейді көрсетіп отыр. Аймақтың барлық мектептері жоғары жылдамдықты интернетке қосылған. Сондай-ақ, қауіпсіздік те негізгі бағыттардың қатарында: мектептерде бейнебақылау, дабыл батырмалары, турникеттер орнатылған және күзет қойылған.
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі де қарқынды даму үстінде. Өңірде 21,9 мыңнан астам студент білім алатын 42 колледж жұмыс істейді. Жаңа оқу жылында мемлекеттік тапсырыс бойынша қабылдау 6250 орынға дейін ұлғайтылды. Оның ішінде 9-сынып түлектерін 100% тегін техникалық және кәсіптік оқумен қамту жоспарлануда. Бұл ретте жұмысшы мамандықтар жылы аясында колледждердің материалдық базасын жаңғыртуға 250 млн теңге бөлінді, бұл сұранысқа ие мамандарды даярлауда өңірдің позициясын нығайтады.
Отырыстың маңызды бөлігі тәрбие жұмысы мәселелерін талқылау болды. Ел Президенті «Біртұтас тәрбие» бірыңғай бағдарламасын «Адал азамат» деп атауды ұсынды. Ол негізгі құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған: патриотизм, әділеттілік, ынтымақтастық, кәсібилік және жастардың шығармашылық көзқарасы.
Жаңа білім беру нысандарының құрылысына ерекше мән берілді. Павлодарда «Достық» шағын ауданында 1200 орындық мектептің құрылысы аяқталды, тағы екі нысан — 600 орындық мектеп пен А. Байтұрсынов атындағы мектепке 288 орындық қосымша ғимарат салынуда. Сонымен қатар, 1 қыркүйекке қарай үш жаңа шағын жинақты мектеп ашылады: Аққулы ауданының Тілектес ауылында 90 орындық, Павлодар ауданының Бірлік ауылында 120 орындық және Ертіс ауданының Бұланбай ауылында.
Жиналыста өңірде жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары кешенді және жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті, бұл өз кезегінде оқушыларға барынша жайлы және қауіпсіз жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев