Облыс әкімі Асайын Байханов Аққулы ауданына жұмыс сапарымен барып, инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысын, жылу беру маусымына дайындығын, аграрлық сектордың дамуын және әлеуметтік саланың жағдайын тексерді.
Аққулыда бақша дақылдарын жинау маусымы басталды. Мұнда 26 шаруа қожалығы бақша дақылдарының 62 түрлі сортын өсірумен айналысады. Бүгінгі таңда дақылдардың шамамен 30%-ы жиналды. Аудан әкімі Руслан Мұқановтың айтуынша, нарықтың сұранысы бойынша бақша дақылдарының көлемі 60 %-ға ұлғайған.
Сапар барысындағы алғашқы нысан «Алан» шаруа қожалығы болды. Шаруашылық 30 га алқапқа «Кримсон», «Руби», «Шампань», «Романза» қарбыздарын, сондай-ақ қытайлық гибрид және «Эфиопка» қауынын өсіреді. Мұнда бақша дақылдарын өсірушілер тамшылатып суару жүйесін белсенді қолданады. Бұл өнімділікті арттырып қана қоймай, су шығындарын азайтуға мүмкіндік беріп отыр.
Аққулы ауданына жұмыс сапары аясында облыс әкімі шаруа қожалықтардың басшыларымен кездесті. Фермерлер ұсыныстарын айтып, толғандырған сауалдарын қойды. Сондай-ақ, бақша дақылдары алқаптарын ұлғайту, суару жүйелерін жаңғырту және қайта өңдеуді дамыту мәселелері талқыланды.
Аймақ басшысы баға саясатына және осы маусымда гектарына 4,5 тоннаға жеткізілген өнімділікке назар аударды.
Бау-бақша шаруашылығын дамыту үшін фермерлер «Кең дала» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие мөлшерлемесімен қаржылық қолдау алады.
- Ауданның аграрлық әлеуеті зор. Біз мұндай шаруашылықтарға тек технология бойынша ғана емес, өнімді сатуда да көмектесуіміз керек. Жергілікті бақша дақылдары Аққулының визит карточкасы болуы тиіс, - деп атап өтті Асайын Байханов.
Сапар барысында әлеуметтік саланың жай-күйін тексеру міндетті пункт болды. Биылғы жылы ауданның мектептерінде, балабақшаларында және мәдениет мекемелерінде қуаттылығы әртүрлі 16 жаңа қазандық орнатылды, монометрлер мен клапандарына тексеру жүргізілді. Бюджеттік ұйымдарға көмірдің жалпы қажеттілігі 11,7 мың тоннадан астам, халық үшін - 18,1 мың тоннаны құрайды. Қатты отын 31 тамызға дейін толықтай жеткізілуі тиіс, оны 12 кәсіпкер қамтамасыз етеді.
Шарбақты ауылының орта мектебіне 48 млн. теңгеге орнатылған блок-модульді қазандықтың құрылыс алаңында Асайын Байханов: жылу құбырын оқшаулауды жылдамдатуды, қазандықты іске қосуда олқылықтрарға жол бермей, жүйелерді тығыздау жұмыстарын уақтылы аяқтауды тапсырды.
- Мұндағы кез-келген кідіріс қыс мезгілінде қауіп төндіруі ықтимал. Сондықтан барлық жұмыстар сапалы және мерзімінде аяқталуы тиіс, - деп тапсырды облыс әкімі.
Аудандағы биылғы жылдың негізгі инфрақұрылымдық жобаларының бірі - облыстық бюджеттен қаржыландырылған құны 596,7 млн теңге болатын Аққулы ауылының су құбырын қайта жаңарту.
Бүгінгі таңда мұнда 4 ұңғыманы бұрғылау, 100 кВА трансформаторлық қосалқы станцияны монтаждау, 2,8 км электр желілерін салу, жер жұмыстары және сорғы станцияларында қоршаулар орнату жұмыстары жүргізілді. Барлық жұмыстарды 2025 жылдың қараша айында аяқтау жоспарлануда.
Сондай-ақ, Аққулы аудандық аурухананың инженерлік желілері жаңартылуда. Бұл жұмыстар Асайын Байхановтың 2023 жылы ауданға жасаған сапарларының бірінде берген тапсырмасы бойынша басталды. Өңір басшысы жай-күйі нашар жағдайдағы ғимаратқа жөндеу жүргізу қажет екенін айтқан болатын. Сол кезде нысанның құбырларындағы ақаулар тығындармен бітелген жағдайда болды. Бүгінгі таңда сумен жабдықтау, жылу және кәріз жүйелерін жаңарту бойынша жұмыстардың 80%-ы, сондай-ақ желдету бойынша 50%-ы орындалды.
Облыс әкімі медициналық мекеменің бос тұрған бөлмелерінің тиімді пайдаланылмай жатқанына назар аударды: 5 мың шаршы метр аумақтың тек 3 мыңға жуығы ғана пайдаланылуда. Ол емдеу мекемесінің жоғары қабаттарындағы бос бөлмелерді пайдалануға мүмкіндік беретін (мысалы, ауданға келетін мамандар үшін пәтерлер немесе отбасылық типтегі жатақхана ретінде) реконструкциялау жобасын әзірлеуді тапсырды.
Жаңа бас дәрігер тағайындалғаннан кейін және ауруханаға гинеколог-дәрігердің келуінен кейін мұнда босану бөлімшесі қалпына келтірілді. Аққулы ауруханасында соңғы бес жылдың ішінде алғаш рет Қытайдан жақында елге оралған отбасының баласы дүниеге келді. Асайын Байханов бұл отбасының үйіне барып, аудан тұрғыны Нұрбақыт Көбенді ұлының дүниеге келуімен құттықтады.
Сонымен қатар, өңір басшысы ауданның жоспарланған жобаларымен танысты. 2026 жылы мұнда 19 жобаны іске асыру жоспарлануда. Ең негізгі жобалардың ішінде: «Айналайын» балабақшасының шатырына, қасбетіне, ішкі бөлмелеріне және инженерлік желілеріне күрделі жөндеу бар. 232 млн теңге сомасына ЖСҚ әзірленді, жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде.
Аққулы ауылында бассейн, Ямышев ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені және Шарбақты ауылында мәдениет үйін салу жоспарланған.
Ауданның жол инфрақұрылымын жаңарту да көзделген. Келесі жылға жалпы ұзындығы 7 шақырымнан асатын Аққулы, Баймолдин, Тақыр, Майқарағай және Шабар ауылдарындағы 5 кіреберіс және ауылішілік жолдарды, сондай-ақ ұзындығы 5,2 км «Шақа-Шоқтал» жолының учаскесін және аудан орталығының, Тілектес пен Қызылқоғам ауылдарының көшелерін орташа жөндеу жоспарлануда.
Аудан билігінің жоспарларымен танысып, облыс әкімі әлеуметтік нысандарды жаңғырту кезінде олардың қажеттілігі мен тиімділігін ескеру маңызды екенін атап өтті.
- Ең бастысы - іске асырылып жатқан әрбір жобаның қажеттілігін демографиялық ахуал мен халық санына қарай анықтау қажет. Әрбір бюджет қаражатын тиімді пайдалану қажет. Біз ауданды барлық бағыттар бойынша дамытып жатырмыз. Әрбір жоба тұрғындар игілігіне қызмет етуі тиіс, - деді облыс әкімі.
Өңір басшысы ауылды дамытудың негізгі басым бағыттары: сумен жабдықтау, кірме және ауылішілік жолдар, әлеуметтік және спорттық нысандар екенін еске салды.
Асайын Байханов Аққулы ауданын дамытуды фермерлерді қолдау мен инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртудан бастап әлеуметтік нысандар мен жолдарды жөндеуге дейін кешенді түрде жүргізу қажет екенін атап өтті.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев