Іс-шараны Павлодар облысының әкімдігі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауымен ұйымдастырды.
Форум еліміздің барлық өңірлерінен жүзден астам жас көшбасшылардың — инженерлердің, IT-мамандардың, дәрігерлердің, кәсіпкерлердің, жұмысшы мамандықтар өкілдерінің, сондай-ақ жастар қозғалысының белсенділерінің басын қосты. Екі күн бойы Павлодар тәжірибе алмасу, ашық пікірталастар, кадрлық әлеуетті нығайтуға және Қазақстанның тұрақты дамуына бағытталған жаңа идеялар мен бастамалар таныстырылған ауқымды алаңға айналды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев форумға қатысушыларды Халықаралық жастар күнімен құттықтап, бейне үндеу жасады. Президент өз сөзінде еліміздің бүгіні де ертеңі де жастар екенін атап өтіп, Отанымыздың тағдыры белгілі бір дәрежеде жас буынның күш-қуатына, ой-пікіріне, білім-білігіне, табандылығы мен патриоттық қасиеттеріне байланысты екенін жеткізді.
- Халқымыз қашанда талапты жастарды қолдаған. «Ақыл - жастан» деп, оларға зор сенім артқан, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жұмысшы мамандықтар жылы мемлекет жас мамандарды қолдау бойынша ауқымды шаралар қабылдауда. Бұл шараларға білімге қол жетімділікті кеңейту, жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыспен қамту бағдарламаларын дамыту, жастар кәсіпкерлігін қолдау және жастарды елді басқару процестеріне тарту кіреді.
Форум іс-шараларына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев қатысты. Ол Қазақстан халқының үштен бірі жастар екенін және бұл біздің елімізді әлемдегі ең «жас» елдердің біріне айналдыратынын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік қолдаудың негізгі шараларының қатарында - колледж студенттеріне арналған шәкіртақыларды арттыру, жаңа жатақханалар салу, жұмысшы кадрларды даярлаудың халықаралық стандарттарын енгізу, сондай-ақ «Болашақ» президенттік стипендиясын техникалық мамандықтарға қайта бағдарлау бар. Бұл өз кезегінде қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандарды тәрбиелеуге мүмкіндік береді.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов форумға қатысушыларға арнаған сөзінде өңірдің еліміздегі өнеркәсіптік көшбасшылардың бірі болып саналатынын атап өтті.
— Облыста 1000-нан астам өнеркәсіптік кәсіпорын бар және онда 80 мыңнан астам адам еңбек етеді. Олардың 75%-ы жұмысшы мамандықтары бойынша жұмыс істейді. Техникалық мамандықтардың жас мамандары үшін біз нақты жағдайлар жасаудамыз — кепілді жұмысқа орналасу, жоғары жалақы және кешенді әлеуметтік қолдау, - деп атап өтті өңір басшысы.
Сондай-ақ, Асайын Байханов Павлодар облысында жас кадрларды қолдау бағдарламаларының ауқымы кеңейтілетінін, өнеркәсіптік кәсіпорындармен ынтымақтастық күшейтілетінін және жастар арасында жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру бойынша жұмыстар жалғасатынын айтты.
Форум аясында «Павлодар – жұмысшы мамандықтар аймағы» көрмесі өтті. Онда қатысушылар аймақтың жетекші кәсіпорындарындағы бос жұмыс орындарымен, тағылымдамадан өту ұсыныстарымен және мансаптық бағдарламаларымен таныса алды. Іс-шара Open AIR форматындағы «Жастар FEST» ауқымды жастар фестивалімен аяқталды. Фестивальде қонақтар үшін танымал орындаушылар мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев