Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Екібастұзға барып, жөндеу және құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Сондай-ақ жылу беру маусымына дайындық және ауыл шаруашылығы өндірушілерін қосымша энергия қуатымен қамтамасыз ету мәселелері бойынша жиналыс өткізді.
Қоянды ауылында өңір басшысы «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы бойынша орташа жөндеуден өткен ауылішілік жолдарды тексерді. Аталмыш ауылдағы Шаңырақ көшесінде жұмыстардың 90% орындалған, толығымен тамыз айында аяқтау жоспарлануда. Орталық көшесінде негіз дайындалып, материалдар жеткізілді.
Сонымен қатар, облыс әкімі күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген №14 орта мектепті тексерді. Мектептің дайындығы 99% құрайды. 25 тамызға дейін қалған барлық жұмыстар аяқталады.
Сондай-ақ, ауылда дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасуда. Оны бекітілген кесте бойынша 2026 жылы аяқтау жоспарланған.
Екібастұзда өңір басшысы абаттандыру нысандарын аралады: Әлия Молдағұлова көшесі мен М.Жүсіп көшесі, 46, 48, 50 тұрғын үйлерінің ауласына асфальт төсеу жұмыстары аяқталды. Биылғы жылға жоспарланған 50 балалар ойын алаңының 42-сі орнатылды. Қалғанын айдың соңына дейін орнату жоспарланған.
Қала тарихындағы маңызды жобалардың бірі - квартал ішіндегі аумақтарды жарықтандыру болды. Екі жыл бұрын Екібастұзда жүйелі аулаішілік жарықтандыру мүлдем болмады. Облыс әкімі 2 жылдың ішінде барлық 279 ауланы, квартал ішіндегі аумақтардың 50-ден астам учаскесін, сондай-ақ қаланың қалған 68 көшесін жарықпен қамтуды тапсырған болатын. Барлық жұмыстар 6 кезеңге бөлінді. Бүгінгі таңда аулаішілік жарықтандыру бойынша жұмыстар аяқталып, жұмыстардың 77%-ы орындалды. Тұрғындар қауіпсіздік пен жайлылық үшін алғыстарын білдіруде.
- Жарықтандыру бойынша басты мәселе шешілді, ендігі кезекте кварталаралық аумақтарды асфальттау қалып отыр. Барлық аулалар мен тұрғындар ең көп жүретін жерлерді абаттандыру қажет, - деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, балаларды бұқаралық спортпен шұғылдануға тарту үшін ескірген футбол ойын алаңдарын жаңартып, көше тренажерлары бар алаңдарды, сондай-ақ, стрит-воркаут пен стритбол алаңдарын орнату қажет екенін атап өтті.
Екібастұз қаласының әкімдігінде қала басшылары мен бейінді басқармалардың қатысуымен өткен жиналыста жылу беру маусымына дайындық мәселелері қаралды. Екібастұз әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, ЖЭО-дағы алты қазандық агрегатын жөндеу жұмыстары аяқталды, №2 және 7 жылу магистральдарын қайта жаңарту жалғасуда, гидравликалық сынақтар кезінде анықталған ақаулардың басым көпшілігі жойылды. Тамыз айының соңына дейін әлеуметтік нысандарға көмір жеткізуді аяқтау және барлық мекемелер бойынша дайындық актілерін ресімдеу жоспарлануда.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді электр қуатымен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды. Өңірде суармалы жерлерді ұлғайту және қайта өңдеу бойынша ірі жобалар іске асырылуда, алайда ағымдағы электр қуаты жеткіліксіз. Облыс әкімі 20 қыркүйекке дейін «ПРЭК» АҚ ұсыныстарын ескере отырып, мәселені шешудің нақты жоспарын ұсынуды тапсырды.
Сондай-ақ, жиналыста бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуы жан-жақты қаралды. 2026 жылға арналған бюджетті дайындау аясында Асайын Байханов тұрғын үй, коммуналдық және көлік салаларындағы басым жобаларды қаржыландыру мәселелерін жедел шешу қажеттігіне баса назар аударды.
Өңір басшысы биыл Екібастұзға 25 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты бағытталғанын атап өтті. Бұл жылу желілерін жаңартуға, тұрғын үй салуға, әлеуметтік нысандарды жаңартуға және қаланы абаттандыруға мүмкіндік берді. Жылу магистральдарын қайта құру және жөндеу жұмыстары келесі жылы да жалғасатын болады.
Жұмыс сапарының соңында өңір басшысы: республикалық бағдарламаларды тарта отырып, коммуналдық шаруашылықты жаңғырту жобаларын қаржыландыруды қарастыруды, тұрғын үй қорын жылу беру маусымына дайындау жұмыстарын аяқтауды, Екібастұзда суармалы егіншілікті дамыту үшін электр қуатымен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды 20 қыркүйекке дейін жеделдетуді, жол картасы аясында 2026 жылға арналған электрмен жабдықтау жобаларын қаржыландыруды тапсырды.
- Екібастұзды дамытуға қомақты қаражат бөлінді және оны барынша тиімді пайдалануымыз керек. Жылу желілерін жаңғырту және қаланы абаттандыру жұмыстары жалғасатын болады. Барлық жобалар уақтылы және тиісті сапада іске асырылуы тиіс. Тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігіне басымдық берілу қажет, - деп атап өтті Асайын Байханов.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев