Өңірдің 352 ауылдық елді мекенінен 342 ауыл (97,1%) ұялы байланыспен, ал 343 ауыл (97,4%) мобильді және тіркелген интернетпен қамтамасыз етілген. Бұл ретте 10 ауыл байланыссыз және 7 ауыл интернетсіз қалып отыр. Бұл техникалық іске асыру қосымша шешімдерді талап ететін шағын, шалғайда жатқан елді мекендер.
2024-2025 жылдарға арналған лицензиялық міндеттемелерді орындау аясында байланыс операторларымен 20 ауылды кең жолақты интернетке қосу жоспарланған. 2024 жылы «КаР-Тел» және «Теле2» операторлары 8 ауылды байланыс және интернетпен қамтамасыз етті. 2025 жылдың соңына дейін тағы 10 елді мекенде базалық станцияларды орнату жоспарлануда.
Май ауданының Саты және Успен ауданының Таволжан ауылдарында «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС (Теле2/Altel) тарапынан лицензиялық міндеттемелердің орындалмағаны анықталды. Мұның себептері жер учаскелерін ресімдеу мерзімдерінің бұзылуы, электр желілеріне қосылу үшін техникалық шарттардың және басқа да рұқсат беру құжаттарының болмауы. Оператормен бірнеше мәрте жүргізілген келіссөздерден нәтиженің болмауына байланысты уәкілетті орган ҚР ЦДИАӨМ телекоммуникация комитетіне тиісті шаралар қабылдау туралы ресми өтініш жолдады.
«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында талшықты-оптикалық байланыс желілерінің (ТОБЖ) белсенді құрылысы жүргізілуде. 2027 жылға дейін облыстың 207 ауылын қамту жоспарлануда. Шалғайдағы аз қоныстанған елді мекендерде KazSat, OneWeb және Starlink спутниктік технологиялар базасында баламалы шешімдер енгізілуде.
Ауыл мектептеріне интернет қосу жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде. 2024 жылы 33 мектеп Starlink жүйесі арқылы интернетпен жабдықталды. Тағы 42 мектеп жаңа оқу жылының басында қосылады. Өңір басшысы қалған барлық мектептерді 1 қыркүйекке дейін қосуды тапсырды.
Жиналыста талқыланған келесі мәселе - құрылыс жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету және құрылыс саласындағы заңнаманы сақтау болды.
Өңірде құрылыс нысандарына жүйелі мониторинг жүргізіледі. 2025 жылдың басынан бастап құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы 477 хабарлама келіп түсті, оның 158-і мемлекеттік нысандар бойынша. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы жоспардан тыс 64 тексеру жүргізіп, оның қорытындысы бойынша 86 әкімшілік хаттама толтырылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 23,4 млн теңгені құрады.
Мердігер және жобалау ұйымдары, сондай-ақ авторлық және техникалық қадағалау мамандары да жауапкершілікке тартылды. Кейбір жағдайларда аттестаттарды тоқтату және 6 айға дейінгі мерзімге лицензияларынан айыру түріндегі шаралар қолданылды.
Жиналыстың қорытындысы бойынша өңір басшысы құрылыс жұмыстарының, әсіресе әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарындағы жұмыстардың сапасына бақылауды күшейтуді тапсырды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев