Мерекелік шаралар дәстүрлі «ҚалаRUN» жарысынан басталды. Бұл спорттық додаға кәсіби спортшылармен қатар, салауатты өмір салтын ұстанатын жүздеген қала тұрғыны қатысты.
«Құлагер» ипподромында өткен ұлттық бәйге жарыстары да мереке көрігін қыздырды. Жеңімпаз шабандоздар көрермендердің қошеметіне бөленіп, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Қала күніне арналған түрлі концерттер, көрмелер, жәрмеңкелер мен балаларға арналған интерактивті алаңдар ұйымдастырылды. Гагарин атындағы саябақта Металлургтер күніне арналған салтанатты кеш өтіп, отандық эстрада жұлдыздары жарқын өнер көрсетті.
Биылғы мерекенің құрметті қонақтары — Павлодардың бауырлас қалалары Омбы мен Новосібірден келген ресми делегациялар болды. Олар павлодарлықтарды шын жүректен құттықтап, көрсетілген қонақжайлық пен достық үшін алғыстарын жеткізді.
Қала күнінің шарықтау шегі — Ertis Promenade сахнасындағы үлкен гала-концерт болды.
Кеш соңында қала аспанын алуан түсті отшашу жарқыратып, мерекеге ерекше сән берді.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев