Ақсу қаласында Қала күні, Металлургтер күні және өңірмен тағдыры тығыз байланысты «Қазхром» компаниясының 30 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті.
Ақсу — бұл жай ғана өндірістік қала емес. Бұл – мыңдаған еңбекқор, қажырлы әрі өз ісіне берілген жандардың алтын ұясы. Осындай жандардың тынымсыз еңбегінің арқасында Ақсу жыл өткен сайын өсіп-өркендеп, болашаққа нық қадам басуда.
Салтанатты іс-шарада Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қала тұрғындарын құттықтап, Ақсудың жетістіктері – ең алдымен осы қаланың тұрғындарының еңбегінің жемісі екенін атап өтті.
– Қала жас болғанымен, Ақсу халқының табанды еңбегі мен ауызбіршілігінің арқасында бұл қала болашағына сеніммен қарайды. Жуырда ғана болған табиғи апаттың салдарын бірге еңсеріп, бірлік пен төзімділік, өзара көмек үлгісін көрсеттіңіздер. Бұл – Ақсудың күші – оның адамында екенін тағы бір дәлелдеді. Сіздер – осы қаланың ең үлкен байлығысыздар, – деді өңір басшысы.
Мереке аясында металлургия саласы мен қала дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар азаматтар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мемлекеттік марапаттарға ие болды.
«Еңбек Даңқы» III дәрежелі орденімен – қара металл өндірісінің бақылаушысы, АЗФ «Қазхром» ТҰК» АҚ қызметкері Лариса Архипова,
«Ерен еңбегі үшін» медалімен – ферроқорытпа балқытушысы Қуаныш Сатыбалдинов марапатталды.
Сондай-ақ бірқатар ақсулықтар «Облыс алдындағы еңбегі үшін» төсбелгісіне және Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамоталарына ие болды.
Айтулы күнге орай орталық алаңда үлкен мерекелік концерт өтті. Шараға аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблі, сондай-ақ қазақстандық эстрада жұлдыздары Дильназ Ахмадиева мен Мирас Жүгінісов қатысты.
Кеш соңында қала аспанын жарқын отшашу көмкерді.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев