Павлодарда өңір металлургтеріне Президент атынан мемлекеттік наградалар табысталды

Павлодарда өңір металлургтеріне Президент атынан мемлекеттік наградалар табысталды

Металлургтер күні қарсаңында Павлодар қаласында салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан өндіріс саласындағы елеулі еңбегі мен тау-кен өнеркәсібін дамытуға қосқан зор үлесі үшін өңірдің бірқатар металлургтеріне мемлекеттік наградалар табыс етті.

Марапатталғандар қатарында ERG құрамына кіретін Павлодар облысындағы кәсіпорындардың жеті қызметкері бар.

«Құрмет» орденімен «Қазақстан Алюминийі» АҚ директоры Айтуған Ахметов марапатталды.
«Еңбек Даңқы» III дәрежелі ордені қара металл өндірісінің бақылаушысы, АЗФ «Қазхром» ТҰК» АҚ қызметкері Лариса Архиповаға берілді.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен «Қазақстан Алюминийі» АҚ шикізат дайындау цехының конвейер машинисі Күлшербай Машенов, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-ның 6-разрядты слесарь-жөндеушісі Әбілхан Алданов және «Қазхром» ТҰК» АҚ АЗФ балқыту цехының балқытушысы Қуаныш Сатыбалдынов марапатталды.

«Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері» құрметті атағы «Қазақстан Алюминийі» АҚ-ның аппаратшы-гидрометаллургы Рустам Хайрутдинов Хабиболлаұлына берілді.
Ал «Қазақстанның еңбек сіңірген кеншісі» атағы «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-ның 6-разрядты анод құюшысы Ахат Тоғайбаевқа табысталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің металлургтері ел экономикасының дамуына айрықша үлес қосып отырғанын бірнеше рет атап өткен болатын. Сіздердің табанды еңбектеріңіздің арқасында облысымызда жыл сайын 1 миллион тоннадан астам ферроқорытпа, 1,5 миллион тонна глинозем және 260 мың тонна алюминий өндіріледі.

Бүгінде өңірімізде 15 мыңға жуық металлург еңбек етуде. Олардың барлығы – өз ісіне адал, кәсібіне берілген, туған жерінің гүлденуіне жан-тәнімен атсалысып жүрген азаматтар. Алда сіздерді жаңа еңбек жеңістері мен биік белестер күтіп тұрғанына сенімдімін, – деді Асайын Байханов өз сөзінде.

Облыс әкімі металлургтерге мықты денсаулық, отбасы амандығы мен сарқылмас күш-жігер тіледі.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев