Бұл орталық Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылып жатқан СуперХҚКО жобасы аясында ашылды. Бұл – мемлекеттік және қоғамдық қызметтердің кең ауқымын бір кеңістікте біріктірген заманауи көпфункционалды алаң. Жалпы ауданы 2000 шаршы метрге жуық бұл орталықта ХҚКО қызметтері, мемлекеттік органдардың өкілдіктері, қоғамдық қабылдау, 109 және 112 қызметтері, салтанат залы бар АХАТ бөлімі, сондай-ақ Отбасын қолдау орталығы мен Еңбек мобильділігі орталығы қызмет көрсетеді.
Асайын Байханов қызмет көрсету залдарын, күту және кеңес беру аймақтарын, жеке қабылдау кабинеттерін, ана мен бала бөлмесін, сондай-ақ арнайы жабдықталған балалар аймағын аралап көрді. Өңір басшысы орталықтың басты мақсаты — барлық қажетті қызметтерді бір жерге жинақтау ғана емес, сонымен қатар қызмет сапасын, қолжетімділігін және сервистің жоғары деңгейін қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Сапар аясында облыс әкімі орталық ғимаратында орналасқан келесі құрылымдардың жұмысымен де танысты:
• 109 қызметі – азаматтардың өтініштерін қабылдап, кеңес беретін қызмет;
• 112 қызметі – төтенше жағдайлар кезінде жедел қызметтердің жұмысын үйлестіретін тәулік бойғы диспетчерлік қызмет;
• Аймақтағы цифрлық технологияларды дамытуға бағытталған Pavlodar HUB өңірлік IT-хабы;
• Қиын жағдайға тап болған отбасыларға құқықтық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсететін Отбасын қолдау орталығы.
Сапар соңында Асайын Байханов жеке қабылдау өткізді. Азаматтар денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау және басқа да салаларға қатысты өз сұрақтарын қойды. Барлық өтініштер мұқият тыңдалып, бақылауға алынды.
Сапар қорытындысы бойынша өңір басшысы орталықтың ішінде ведомствоаралық үйлестірудің тиімділігін қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл – әрбір азаматтың өтінішіне уақытылы және нәтижелі жауап берілуі үшін маңызды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев