Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Май ауданына жұмыс сапарымен барды

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Май ауданына жұмыс сапарымен барды

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жұмыс сапары аясында Май ауданындағы инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалардың жүзеге асу барысымен танысып, ауыл тұрғындарымен, аграршылармен және шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесті.

Сапар барысында алғашқы нысан ретінде Баскөл ауылындағы Амангелді Иманов атындағы мектеп-лицейге барды. Бұл оқу орнына 50 жылдан астам уақыт болған, қазіргі таңда мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта жұмыстардың 75 пайызы орындалды: электрмен жабдықтау және жылыту жүйелері толық жаңартылып, ішкі әрлеу жұмыстары жалғасуда. Мектеп ауласында спорттық алаңдар, жүгіру жолы, футбол алаңы және баскетбол-волейбол алаңы салынуда. Жөндеу жұмыстары 15 тамызға дейін аяқталады деп жоспарланған.

Сондай-ақ ауылда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 4,2 шақырымды құрайтын 7 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Жаңатілек, Ошақ және Малайсары ауылдарына кіреберіс жолдар да жөндеуден өтті. Жалпы аудан бойынша 13 шақырым жол жөнделді, бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 850 миллион теңге бөлінді. Көптеген нысандар мамыр айында пайдалануға берілді.

Баскөл ауылында 1978 жылы салынған Мәдениет үйі де күрделі жөндеуден өтуде. Бұл ғимарат 2011 жылдан бері алғаш рет жаңартылуда. Жөндеу жұмыстарының жалпы құны – 254,9 миллион теңге.

Сонымен қатар, Қаратерек ауылындағы мектепте «Мектептерді реновациялау» ұлттық жобасы аясында күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Баскөл ауылында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы екі кезеңмен жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 78 пайызы орындалды.
Майтөбек ауылында облыс әкімі «Май Агро-М» ЖШС-нің бірқатар нысандарында болды. Мұнда 1200 гектар аумақта суармалы егістік жер құру жобасы аяқталуға жақын. Жалпы құны – 1,45 миллиард теңге, жоба аясында 15 жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, кәсіпорын қолданыстағы көкөніс қоймасын 15,5 мың тоннаға дейін кеңейтуде. Құрылыс жұмыстары «Павлодар» ӘКК-нің қолдауымен аяқталады деп жоспарланған.

Биыл Май ауданында «Кең дала – 2» бағдарламасы аясында 1,7 миллиард теңгеге жеті агрожоба іске асырылуда: алтауы – «Павлодар» ӘКК, біреуі – Аграрлық несие корпорациясы арқылы.

Сапар аясында Асайын Байханов шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесу өткізді. Кездесуде егіс алқаптарын ұлғайту, мелиорацияны дамыту және жеңілдетілген несиеге қолжетімділік мәселелері талқыланды. Облыс әкімі мелиорация инфрақұрылымына қатысты жобаларға қолдау көрсетуді, сондай-ақ фермерлер үшін өнім өткізудің кепілдендірілген тетіктерін қарастыруды тапсырды.
Сапар барысында Баскөл және Көктөбе ауылдарының тұрғындарымен де кездесу өтті. Әңгіме барысында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, интернет пен байланыс сапасы секілді өзекті мәселелер көтерілді. Асайын Байханов барлық ұсыныстар мен шағымдар алдағы бюджет пен жаңа жобалар әзірлеу кезінде ескерілетінін атап өтті.

Сондай-ақ облыс әкімі Көктөбе ауылындағы ұзындығы 2,7 шақырымды құрайтын орталық жылу трассасының жаңартылу барысымен танысты. Жұмыстар кестеден ілгері жүргізілуде: 2,2 шақырым құбыр жөнделді, 17 нысанның 12-сі жүйеге қосылған. Жоба шілде айының соңына дейін аяқталып, сынақ режимінде іске қосылады деп күтілуде. Қаржыландыру мақсатты трансферттер есебінен жүргізілуде. Жобаны іске асыру мерзімі – 5 ай. Облыс әкімі мердігерлерге жөндеу аяқталған соң жол жабынын қалпына келтіруді де міндеттеді.

Аудан орталығында құны 548,8 миллион теңге болатын жүзу бассейні салынып жатыр. Бассейн өлшемі – 25×7 метр, тереңдігі – 1,2-ден 1,8 метрге дейін. Жалпы ауданы – 725 шаршы метр. Ғимаратта душ кабиналары, киім ауыстыру бөлмелері және медициналық пункт қарастырылған. Құрылыс бекітілген кестеге сай жүргізілуде.
Сапар қорытындысы бойынша Асайын Байханов барлық жобаларды сапалы әрі уақытылы аяқтауды, бөлінген бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етуді тапсырды.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев