Павлодар облысында 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары шығарылды

Павлодар облысында 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары шығарылды

Бүгін облыс әкімдігінде өткен кеңесте 2025 жылдың алғашқы алты айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, бюджет орындалуы және жұмыспен қамту картасының жүзеге асырылу барысы талқыланды.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметінше, өңір барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика көрсетуде. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 105,1%-ды құрады. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 1,8 трлн теңгеден асып, нақты көлем индексі 102,2%-ды көрсетті.

Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 7,6%-ға өсіп, 440 млрд теңгеден асты. Ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 2%-ға, құрылыс саласында 13%-ға артқан. Сонымен қатар, сауда, көлік және байланыс салаларында да айтарлықтай өсім байқалды.

Облыс әкімі Асайын Байханов өңірдің барлық бағыттар бойынша тұрақты өсімді сақтап отырғанын атап өтті:

– Бұл – мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысының, жаңа нысандардың ашылуы мен инвестициялық жобалардың жүзеге асуының, шағын және орта бизнестің белсенділігінің нәтижесі. Алайда тоқтауға болмайды. Алдымызда – алты ай. Біз бұл қарқынды төмендетпеуіміз керек. Әрбір жобаның сапалы орындалуы мен жалпы даму қарқынын сақтау – басты міндет, – деді өңір басшысы.

Оң өсім Павлодар, Екібастұз қалаларында және төрт ауданда байқалады. Сонымен қатар, кейбір өңірлерде ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, тұрғын үй құрылысы мен бөлшек сауда бағыттарында төмен көрсеткіштер тіркелген. Атап айтқанда, Ақсу, Павлодар, Успен, Железин, Ертіс және Аққулы аудандарында.

Облыс әкімі аталған аудандардың әкімдеріне жоспарларды қайта қарап, қысқа мерзімде шара қабылдап, талдау мен басқару жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Жартыжылдық қорытындысы бойынша облыстық бюджетке 205,3 млрд теңге түсіп, жоспардан 3,9 млрд теңгеге артық орындалды (орындалу деңгейі — 101,9%). Шығыстар 305 млрд теңгені құрап, 99,9%-ға игерілді. Барлық қала мен аудан жоспарлы кірістерді қамтамасыз етіп, облыс бюджет қаражатын игеру бойынша республикада 1-орында тұр.

– Әрбір әкім мен басқарма басшысы бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуы үшін жеке жауапкершілік арқалайды. Бірде-бір теңге босқа жұмсалмауы тиіс, – деп қадап айтты Асайын Байханов.

Аппараттық кеңесте жұмыспен қамту мәселелері де егжей-тегжейлі қаралды. Өңірлік Жұмыспен қамту картасы аясында 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 25,5 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған, олардың 72%-ы - тұрақты. Жыл басынан бері 15,3 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды, оның ішінде 9730 адам – тұрақты жұмысқа орналасты.

Алайда, жұмыспен қамтылғандардың тек 69%-ы ғана міндетті зейнетақы жарналарын төлейді.

– Бұл – көлеңкелі еңбек қатынастарының бар екенін көрсететін дабыл. Әлеуметтік кепілдіктерсіз формалды көрсеткіштерге жол берілмеуі тиіс. Еңбек легализациясы бойынша жұмысты күшейту қажет, – деп атап өтті облыс әкімі.

Инфрақұрылымдық жобалар аясында 1019 жаңа жұмыс орнын құрумен 108 жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтағы кәсіпкерлерді қолдау үшін 406 грант бөлінсе, соның 220-сы берілді.

Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі барлық бағыттар бойынша көрсеткіштердің орындалуын бақылауды күшейтуді, жыл соңына дейін барлық жоспарлы индикаторларға қол жеткізуді тапсырды.

Тұрғын үй құрылысы қарқынының төмендеуіне ерекше назар аударылып, құрылыс басқармасына тұрғын үй нысандары бойынша тексеру жүргізу, ал экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына көрсеткіштерді тұрақты түрде талдап, тәуекелдерді алдын ала анықтап отыру жүктелді.

Қалалар мен аудандар әкімдеріне бюджет кіріс бөлігінің орындалуын және әлеуметтік міндеттемелердің толық қамтамасыз етілуін, басқармаларға – инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуын күнделікті бақылауда ұстау тапсырылды.

– Алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша анықталған барлық мәселелер шешімін табуы тиіс. Әрбір басшы әр санның артында халықтың сенімі мен нақты адам тағдыры тұрғанын ұмытпауы керек, – деп қорытындылады облыс әкімі.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев