Жұмыс сапары барысында өңір басшысы жақында болған дауылды желден кейін инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстарымен танысты, қаланы алдағы жылу беру маусымына дайындау бойынша көшпелі жиналыс өткізді.
Алғашқы нысандардың бірі Шідерті кентіндегі №11 балабақша болды. Мұнда KazМineralsВozshakol демеушілігімен 295,4 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 1966 жылы бой көтерген балабақша ғимаратының терезелері, қасбеті, инженерлік желілері толығымен жаңартылды, аумағы абаттандырылып, ойын алаңдары жабдықталды, жаңа жиһаздар сатып алынды. Бүгінде мекемеге 103 бала келеді. Осы жылдың тамыз-қыркүйек айларында тағы 40 бала жолдама алатын болады.
Облыс әкімі KazMineralsBozshakol басшылығына өңірге көрсеткен қолдауы мен жоғары әлеуметтік жауапкершілігі үшін алғысын білдірді.
Сапар барысында Асайын Байханов 19 маусымдағы қатты дауылды желден кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына ерекше назар аударды. Апаттың салдарынан 66 көпқабатты үй, 9 жеке тұрғын үй, 1 колледж және басқа да бірқатар нысандар зақымданды. Жалпы ауданы 7700 шаршы метрден асатын алты әлеуметтік және әкімшілік ғимараттың шатыры қирады.
Дауылды желдің салдарынан KEGOC электр желілерінің 5 бағанасы құлады - мұндай жағдай компания тарихында бұрын-соңды болмаған. Энергетиктердің жылдам қимылының арқасында электрмен жабдықтау желілері сол күні сағат 19:08-де қалпына келтірілді. Қалпына келтіру жұмыстарына 128 маман тартылып, оның ішінде Қарағанды облысынан да келді.
Өкінішке орай, екі әйел адам зардап шегіп, олардың бірі 1948 жылы туған Бутина Раиса Алексеевна үйінің жеке учаскесіндегі ағаштың құлауынан жарақат алып ауруханада қайтыс болды. Әкім қайтыс болған адамның отбасына көмек көрсетуді тапсырды.
Қаланы аралау барысында Асайын Байхановқа апаттың салдарын жоюға 130 жұмысшы мен 90 бірлік техника тартылғаны баяндалды. Қазірдің өзінде 700 тоннадан астам құлаған ағаштар мен құрылыс қоқыстары шығарылды, көше жарығы қалпына келтірілді.
Одан кейін өңір басшысы ЖМ-2 және ЖМ-7 жылу магистральдарын реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатқан жерлерде болды. Жұмыс кестеден алда келеді: құбырлардың 90%-дан астамы орнатылды. Жұмыстар тамыз айының соңында аяқталады деп жоспарланған. Әкім 38 көппәтерлі және 13 әлеуметтік нысанға ыстық суды уақытылы қосу және мерзімдерді сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Екібастұз ЖЭО-дағы бес қазандық пен турбоагрегатқа күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қалада барлығы 20 км-ден астам жылу желілері жаңартылуда, оның ішінде 5,5 км - «Екібастұз жылу желілері» ЖШС күшімен жүргізілуде. Әкім энергетиктермен жиналыс өткізіп, жылу беру маусымына дайындықтың барлық кезеңдерін қатаң бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.
- Барлық жөндеу және жаңғырту бойынша жұмыстарды 15 тамыздан кешіктірмей аяқтау қажет, - деп тапсырды Асайын Байханов. — Жылу беру маусымының басында бірде-бір үй немесе әлеуметтік нысан жылусыз және ыстық сусыз қалмауы маңызды.
Бүгінгі таңда 599 көппәтерлі үй мен 69 әлеуметтік нысан ыстық сумен қамтамасыз етілген. Шілде айының соңына дейін тағы 68 көпқабатты тұрғын үй мен 6 нысанды қосу жоспарлануда. Тамыз айында қалған тұтынушыларға ыстық су берілетін болады.
Тұрғын үй қорын дайындау аясында 705 көппәтерлі тұрғын үйде жұмыстар жүргізілуде. 435 үйде қабылдау шаралары жүргізілді, 169 үйде ағымдағы, 103 үйде күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Барлық нысандар бақылауда.
Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі барлық қызметтердің өзара іс-қимылын үйлестіру жұмыстарын күшейтуді және барлық жөндеу-қалпына келтіру іс-шараларының белгіленген мерзімде сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев