Облыс әкімі Асайын Байханов ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттарымен кездесу өткізді

Облыс әкімі Асайын Байханов ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттарымен кездесу өткізді

Кездесу алдында парламентшілер облыстың аудандарын аралап, әлеуметтік-экономикалық бастамалардың іске асырылуымен, сондай-ақ құрылыс және жөндеу жұмыстарының барысымен танысып қайтты.

Кездесу барысында өңір басшысы Павлодар облысының тұрақты даму деңгейін көрсетіп отырғанын атап өтті.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша біз өндірістерді жаңғыртуға және инвестициялар тартуға баса назар аударудамыз. Тек бірінші жартыжылдықтың өзінде өңірге 305 млрд теңгеден астам қаражат тартылды - бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20%-ға артық, - деп атап өтті Асайын Байханов.

Негізгі бастамалардың ішінде: инвестиция көлемі 1 млрд АҚШ долларынан асатын жаңа электрометаллургиялық кәсіпорын салу, 12 және 15 млрд долларға қытайлық инвесторлармен индустриялық мегажобаларды іске асыру, Ертіс арқылы өтетін көпір салу, әуежайдың ұшу-қону жолағын қайта жаңарту, трамвай паркін жаңарту, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын ұлғайту.

Ағымдағы жылы инженерлік инфрақұрылымды жаңартуға ерекше басымдық берілді. 30 шақырымнан астам жылу желілеріне күрделі жөндеу, сондай-ақ жылу магистральдарын салу және реконструкциялау бойынша төрт жобаны іске асыру жоспарланған. Сонымен қатар, облыс әкімі Екібастұздағы ЖМ-2 және ЖМ-7 жылу магистральдарын қайта жаңартуға республикалық бюджеттен 6 млрд теңге бөлу мәселесі шешілмеген күйінде қалып отырғанын атап өтті.

Бұдан басқа, аграрлық сектордағы субсидиялар бойынша берешек мәселесі де өзекті болып отыр - бүгінгі күні ол шамамен 19 млрд теңгені құрайды.

Кездесу барысында сумен жабдықтау және денсаулық сақтау мәселелері де қозғалды. Өңір №1 қалалық аурухананы реконструкциялауға, су құбыры желілерін жаңғыртуға және ауылдарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге өтінімдер жолдады.

- Бұл жобалардың барлығы тұрғындардың нақты сұраныстары. Бұл сұрақтарды тұрғындар көшпелі кездесулер кезінде бірнеше мәрте көтерген болатын. Біз өзекті мәселелерді шешу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізудеміз және осы бастамаларды республикалық деңгейде ілгерілетуде сіздердің қолдауларыңызға сенеміз, - деді депутаттарға Асайын Байханов.

Кездесу соңында облыс әкімі парламентшілерге өңірге келіп, аймақты дамытуға қолдау білдіргендері үшін алғысын айтты.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев