Облыс әкімі Асайын Байханов Ақсу мен Павлодар қалаларын аралады

Облыс әкімі Асайын Байханов Ақсу мен Павлодар қалаларын аралады

Еңбек демалысынан шыққаннан кейін өңір басшысы Асайын Байханов жұмыс сапарымен Ақсу және Павлодар қалаларын аралап, 19 маусымда болған дауылды желден зардап шеккен нысандардағы қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты.

Өңірде мұндай дауылдың 50 жылда алғаш рет болғаны атап өтілді. Дауылды желдің екпініне кейбір электр желілері де төтеп бере алмады. Дауылды желдің эпицентрі Ақсу қаласында болды. Қала әкімі Болатбек Шәріповтің айтуынша, 459 нысан зардап шеккен. Оның ішінде: 97 көпқабатты тұрғын үй, 281 жеке үй, 18 әлеуметтік нысан және өзге де нысандар, сондай-ақ қалалық инфрақұрылым. Дауылды жел қаланың жасыл қорына да айтарлықтай зиян келтірді, 300-ден астам ағаш құлады.
Ғимараттарды қалпына келтіру үшін 814,2 млн теңге қажет. Бүгінгі таңда 18 нысан қалпына келтіріліп, 30 нысанда жұмыстар жалғасуда. Өңір басшысы қажетті қаражатты бөлу процесін жылдамдатуды және осы аптада мәслихаттың кезектен тыс сессиясын өткізуді тапсырды.

Дауыл кезінде барлығы 18 адам зардап шекті. Өкінішке орай, Ақсу қаласының 57 жастағы тұрғыны Марина Пахомова қайтыс болды. Асайын Байхановтың тапсырмасы бойынша қайтыс болған адамның отбасына жан-жақты қолдау көрсетілді: өтемақы төлемдері, 2025-2026 жылдар кезеңі үшін коммуналдық қызметтерге ақы төленді және несиелері бойынша қарыздары өтелді.

Жұмыс сапары барысында өңір басшысы Ақсу қаласының әкімі Болатбек Шәріповтің жұмысын сынға алды. Себебі - төтенше жағдайдан кейінгі алғашқы күндерде халыққа ақпараттың жедел таратылмауы. Асайын Байхановтың айтуынша, тұрғындар қалпына келтіру жұмыстарының барысынан хабардар болған жоқ, олармен ешкім түсіндіру жұмыстарын жүргізген жоқ.

- Мұндай сәтте уақтылы ақпарат, сондай-ақ нақты әрі үйлесімді жұмыс және халықпен кері байланыс өте маңызды. Тұрғындар атқарылып жатқан жұмыстар мен қабылданып жатқан шаралар туралы білу қажет. Олар туындаған мәселелермен жалғыз қалмайтындарын түсінуі керек.
Сондықтан мен Ақсу қаласының әкімі Болатбек Шәріповке, оның орынбасары Ержан Салхановқа, сондай-ақ Ақсу әкімдігі аппаратының басшысына сөгіс жариялаймын. Сіздер қойылған міндеттерді орындай алмадыңыздар және сіздерге сеніп тапсырылған қаланың тұрғындарымен байланыс орната алмадыңыздар. Егер мұндай жағдай қайталанатын болса, жауапты тұлғалар жұмыстан шығарылатын болады, - деді өңір басшысы.

Сондай-ақ, бірқатар уәкілетті органдардың басшыларының лауазымдарын төмендету немесе босату ұсынылды.

Аймақ басшысы Дөнентаев көшесі, 46 тұрғын үйіне барып, дауыл кезінде кранның мұнарасы құлаған үйдің қасбетін қалпына келтіру жұмыстарымен танысты және тұрғындармен кездесіп, жергілікті билік органдарының одан әрі әрекет ету алгоритмі туралы айтты. Сондай-ақ, ЖАО кезекте тұрғандарға жаңа пәтерлер берілген Алтынсарин көшесі, 4 және 4/1 үйлеріне де айтарлықтай зақым келген.

Аталмыш мекенжайларда облыс әкімінің тапсырмасы бойынша толық техникалық аудит жүргізіліп, оның қорытындысынан кейін ғимараттарды қайта жаңарту және бұзылған элементтерді қалпына келтіру бойынша барлық қажетті шаралар қабылданатын болады.

Сондай-ақ, Асайын Байханов Құрылысшылар көшесі, 26 тұрғын үйінің шатырын жөндеу барысымен танысып, шатырын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан қалалық ауруханаға барды.

Апат салдарынан мүлкі зардап шеккен жеке үйлердің тұрғындары 100 АЕК (393 200 теңге) мөлшерінде әлеуметтік көмек алады. Қазір қажетті құжаттарды 125 адам ресімдеп жатыр.

Одан кейін өңір басшысы Ақсу кенті мен 3, 5, 8 шағын аудандарындағы жылу желілерін қайта жаңарту жұмыстарымен танысып, жылу беру маусымына дайындықты талқылады.
Өткен жылы Ақсу қаласында 4,9 км квартал ішіндегі жылу желілерін қайта жаңарту жұмыстары басталған болатын. 2024 жылы 3,9 км жаңа желілер салынып, 2025 жылы 900 метрден астамы жаңартылды, қалған жұмыс көлемін ағымдағы айдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Жылу беру маусымының сәтті өтуі үшін жабдықтарды жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар АФЗ РОК 2 қазандығында да жүргізілуде. Мұнда 4 қазандық қайта жаңартылуда, оған ERG тобы 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлді.Барлық жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде және уақытылы орындалады.

Павлодарда облыс әкімі Айманов көшесі, 7, 8 және 9 көпқабатты үйлердің тұрғындарымен кездесті, №40 балабақшада жүргізілген жұмыстармен танысты, мұнда дауылдың салдарынан ғимараттың 300 шаршы метр шатыры зақымдалған болатын.
Өңір басшысы облыс орталығында апаттың салдарын жою және қалпына келтіру жұмыстарының үйлесімді ұйымдастырылғанын атап өтті.
Сонымен қатар, Асайын Байханов ағаштың құлауы салдарынын жарақат алып, ауруханаға жатқызылған екі баланың отбасына көмек көрсетуді бақылауда ұстауды тапсырды.

Павлодарда жұмыстардың басым бөлігі аяқталды, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың шатырларын қалпына келтіру бойынша қалған жұмыстарды 15 шілдеге дейін аяқтау жоспарлануда.

Ертең өңір басшысы Екібастұз қаласына барып, дауылды желдің салдарын жою жұмыстарының барысын тексеретін болады.

Естеріңізге саламыз, 19 маусым күні екпіні 43 м/с дейін жететін қатты дауылды жел облыстың үш қаласы мен үш ауданындағы нысандарды зақымдаған болатын. Салдарынан 18 адам зардап шегіп, бір адам қайтыс болды, ал бір адам кейінірек жан сақтау бөлімінде қайтыс болды. Апат салдарынан 117 елді мекен жарықсыз қалды. Электрмен жабдықтау толығымен қалпына келтірілді. Жедел штаб залалды есептеп, әкімдіктер ТЖ жариялағаннан кейін өтемақы төлеу тәртібін белгіледі.

Облыстық бюджетте ТЖ салдарын жоюға 1 824,9 млн. теңге, Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалаларының, сондай-ақ Баянауыл мен Павлодар аудандарының бюджеттерінде 752,9 млн. теңге қарастырылған. 139 бірлік техника, 394 адам және 48 апаттық бригада жұмылдырылды. 2 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев