Облыс әкімі Асайын Байханов Павлодар қаласының бірқатар маңызды нысандарын аралады

Облыс әкімі Асайын Байханов Павлодар қаласының бірқатар маңызды нысандарын аралады

Негізгі мақсат - сумен жабдықтау жүйелерін, әлеуметтік маңызы бар нысандарды жаңғырту және азаматтық қорғау саласын нығайту барысымен танысу болды.

Жұмыс сапары барысындағы бірінші нысан Оңтүстік су тоғаны - «Павлодар-Водоканал» ЖШС-нің бірінші көтергіш сорғы станциясы болды.

Асайын Байхановқа кәсіпорын есебінен 1,5 млрд теңге қаражатқа жүргізілген ауқымды жаңғырту жұмыстарының нәтижелері таныстырылды. Бас директор Георг Шпейзер қуаты 1800 кВт болатын DF SH 6 300-80 екі жаңа сорғы қондырғысын орнату жұмыстарының аяқталғанын хабарлады және бұл бүкіл қаланы сумен қамтамасыз етуге қабілетті екенін жеткізді. Қосымша жиілікті-реттейтін құрылғылар, ысырмалар орнатылды және ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілді.

Өңір басшысы ең жоғары жүктемелер жағдайында үздіксіз жұмысты қамтамасыз ету мақсатында жаңғырту жұмыстарының өзектілігін атап өтіп, апатты жағдайларда сумен жабдықтаудың тұрақтылығы бойынша қосымша шараларды пысықтауды, инженерлік жүйелерді жаңғырту сапасына бақылауды күшейтуді тапсырды.

Одан кейін өңір басшысы «HAGI-Павлодар2018» ЖШС салып жатқан аквапарктің құрылыс алаңына барды. Жобаның жалпы құны - 10 млрд теңге. Бүгінгі таңда жұмыстардың 60%-ы аяқталды: су аттракциондары залдарының, мейрамхана аймағының, инженерлік желілердің құрылысы жүргізілуде. Құрылыстың үшінші кезеңін, яғни, көп деңгейлі паркингті жобалауға қосымша учаске берілді.
Өңір басшысы резервтік электрмен жабдықтаудағы техникалық шарттар бойынша мәселелерді жедел шешуді, нысанның барлық учаскелерінде жұмыс қарқынын жылдамдатуды тапсырды. Ең бастысы - аттракциондар мен инженерлік жүйелерді орнату кезінде қауіпсіздік пен сапаны қамтамасыз ету.

№ 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде облыс әкімі «Жылу-түтін камерасы» заманауи оқу-жаттығу кешенінің ашылуына қатысты. Нысан өрт сөндірушілердің жоғары температура және қою түтін жағдайында кәсіби дайындықтарын пысықтауға арналған. Кешенде өрт сөндіру жолағы, реттелетін параметрлері бар тренажерлер, оқу мұнарасы және өрт сөндірушілердің жағдайын бақылауға арналған сандық жабдықтар бар.
Сонымен қатар, гарнизон ТЖ жою кезінде күштер мен құралдарды тиімді басқаруға мүмкіндік беретін заманауи штабтық автокөлік алды.

Облыс әкімі тұрақты сумен жабдықтауды қамтамасыз ету, рекреациялық, туристік инфрақұрылымды дамыту және шұғыл қызметтердің жауынгерлік әзірлігін арттыру басым міндеттер екенін атап өтті. Барлық бағыттар бойынша жұмыстар әкімнің жеке бақылауында болады.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев