Облыс әкімі Асайын Байханов Оңтүстік Кореяның Чечхон қаласында өткен спорттық гимнастикадан Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерімен кездесу өткізді.
Чемпионатқа құрлықтың 24 елінен ең мықты спортшылар, соның ішінде Олимпиада чемпиондары, Азия ойындары мен әлем біріншіліктерінің жүлдегерлері қатысты. Қазақстан құрамасы халықаралық аренада жоғары дәрежеде өнер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте Жапония мен Оңтүстік Кореядан кейін үшінші орынға тұрақтады. Біздің гимнасттар 7 медаль (3 алтын, 2 күміс және 2 қола) жеңіп алды.
Ұлттық құраманың жетістігіне Павлодар облысының спортшылары Нұртан Ыдырысов, Роман Хегай, Артем Ковалев және Роман Маменов та өз үлестерін қосты.
Жекелей сында 17 жасар Нұртан Ыдырысов медальдардың толық жиынтығын жеңіп алды: қос сырықтағы жаттығуда алтын, ат снарядында күміс және командалық көпсайыста қола медаль еншіледі. Финалда ең мықты деген қарсыластарын, соның ішінде Оңтүстік Кореяның күміс жүлдегері Еджун Чаны сенімді түрде жеңді.
Сонымен қатар, Роман Хегай да жекелей жарыста алтын медаль иегері атанып, кереметтей шеберлік көрсетті.
Артем Ковалев пен Роман Маменов негізгі құрамада өнер көрсетіп, командалық сайыста қола жүлдегерлер атанды.
Облыс әкімі спортшыларды жоғары жетістіктерімен құттықтап, олардың жеңісінің бүкіл өңір және еліміз үшін маңыздылығын атап өтті.
- Сіздер Павлодар облысының және еліміздің мақтанышысыздар. Сіздердің жетістіктеріңіз жастарды шабыттандырып, қазақстандық спортшылардың беделді ареналарда жеңіске жете алатындығының айқын көрінісі. Азия чемпионаты 2026 жылғы Азия ойындары мен 2028 жылғы Олимпиада ойындарының алдындағы маңызды кезең. Өңірдің барлық тұрғындары атынан спортты дамытуға қосқан үлестеріңіз үшін алғысымды айтамын және мықты денсаулық, күш-қуат және жаңа жеңістер тілеймін, - деп атап өтті Асайын Байханов.
Өңір басшысы павлодарлық спортшылардың осындай жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне үлес қосқан жаттықтырушы Виктор Порошинге алғыс білдірді. Кездесу соңында спортшылар мен олардың бапкеріне алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табысталды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев