Павлодарда Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың өңір активімен кездесуі өтті. Кездесуге облыс әкімі Асайын Байханов, депутаттар, мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғамдық кеңестің, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, еңбек ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Кездесудің басты тақырыбы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген мемлекеттік саясаттың басым бағыттары болды. Мәлік Отарбаев өз сөзінде билік пен қоғам арасындағы диалогты нығайтудың маңыздылығын атап өтті:
- Президент әрбір азамат мемлекеттің қолдауын сезінетін әділетті және инклюзивті қоғам құрудың стратегиялық мақсатын белгілеп берді. Мұндай кездесулер жергілікті жерлерде өзекті мәселелерді талқылауға және бірлесіп шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Облыс әкімі Асайын Байханов Президенттің тапсырмалары жергілікті атқарушы органдардың қызметінде нақты бағдар болып табылатынын атап өтті:
«Құрылтай өзін ұлттық құндылықтарды насихаттайтын және халықтың бірлігін нығайтатын диалог алаңы ретінде көрсетті. Мемлекет басшысының отырыста берген барлық тапсырмалары менің жеке бақылауымда».
Кездесу барысында қоғамдық институттардың рөліне ерекше назар аударылды. Қоғамдық кеңестің мүшесі Еркеғали Жанғазы азаматтардың құқықтарын қорғауға және азаматтық бастамаларды дамытуға бағытталған бес бейінді комиссияның қызметі туралы айтты.
Білім беру саласы да талқыланды. Педагогика саласының ардагері және қоғам қайраткері Бақыт Бексейітова цифрландыру жағдайында білім беру жүйесінің алдында тұрған негізгі міндеттерді атап өтті. Ол Президенттің «жайлы мектептер» салу жөніндегі бастамасын қолдап, ауылдық колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңарту жөніндегі бағдарламаны іске асыруды және ауыл жастарының сапалы білім алуға қолжетімділігін қамтамасыз ететін «шағын жинақты колледж» мәртебесін енгізуді ұсынды.
Пікірталасқа жастар ұйымдарының өкілдері белсенді қатысты. «Ассамблея жастары» РҚБ облыстық филиалының өкілі Данила Дзюба «БІРЛІК-ЕДИНСТВО.KZ» жастар форумын және жүзеге асырылып жатқан жобалар, сондай-ақ тілдік, мәдени және экологиялық бастамалар туралы айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша өңірлерді дамытуға, қоғамдық келісімді нығайтуға, әлеуметтік саланы жаңғыртуға және азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған ұсыныстар айтылды. Барлық айтылған бастамалар жан-жақты қаралып, алдағы жұмыста ескерілетін болады.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев