Бүгін «Алтын сақа» инновациялық шығармашылық орталығында Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың дарынды оқушылармен - халықаралық және республикалық олимпиадалардың, конкурстар мен ғылыми жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерімен салтанатты кездесуі өтті.
Аяқталған оқу жылында өңір оқушылары көптеген жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, облысымыздың қоржынына әртүрлі деңгейдегі беделді зияткерлік сайыстардан 311 медаль түсті. Жыл қорытындысы бойынша Павлодар облысының командасы «Үздік олимпиадалық команда - 2025» атағына ие болды.
Асайын Байханов оқушыларды жетістіктерімен құттықтап, жоғары деңгейдегі дайындықтары және Павлодар облысының абыройын ұлттық және халықаралық ареналарда жоғары деңгейге көтергендері үшін ризашылығын білдірді.
Сіздің жеңістеріңіз - облысымыз үшін зор мақтаныш. Сіздердің жетістіктеріңіздің арқасында өңіріміздің білім сапасы жоғары бағаланып, Павлодар облысының аты академиялық қоғамдастықта үлкен беделге ие. Бұл тек оқушылардың ғана емес, ұстаздардың, тәлімгерлер мен ата-аналардың да үлкен еңбегінің нәтижесі. Біз сіздерге сенеміз және еліміздің білімді ғана емес, жауапты, белсенді және патриот азаматтары ретінде көргіміз келеді, - деп атап өтті өңір басшысы.
Облыс әкімі халықаралық Жәутіков олимпиадасының, «Жібек жолы» халықаралық олимпиадасының, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың, республикалық дебаттық турнирдің, сондай-ақ «Pro Эко» экологиялық жобасының, «Экорепортер» конкурсының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне және «Таза Қазақстан» акциясының белсенді қатысушыларына алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табыс етті. Марапаттарға аймақтағы балалар қоғамдық қозғалысының жетекшілері де ие болды.
Олимпиадалық құрама атынан Ерсұлтан Қайыркен мен Аяна Қайырбек сөз сөйледі. Олар облыс басшылығына назар аударып, қолдау білдіргені үшін алғыстарын білдірді, сондай-ақ өңір жастары бұдан әрі де жоғары жетістіктерге ұмтылатындарын жеткізді.
Жас зияткерлер Асайын Байхановқа жас дарындарды қолдау үшін жасалған жағдайлар үшін алғыс ретінде команданың атынан Алғыс хат табыс етті.
Кездесу оқушылар сарайының тәрбиеленушілері дайындаған концертпен жалғасып, балаларға арнап жайылған дастарханмен аяқталды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев