Павлодар облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

Павлодар облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

31 мамыр - Қазақстан тарихындағы қайғы-қасірет пен азапқа толы күн. Бұл күні елімізде сталиндік дәуірдің саяси қуғын-сүргін, ашаршылық және депортация құрбандарына құрмет көрсетіледі.

Павлодар облысында қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориал кешенінде еске алу рәсімі өтті. Облыс әкімі Асайын Байханов ардагерлер, этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен, жастар және қала тұрғындарымен бірге гүл шоқтарын қойып, құрбан болған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

1930 жылдар Қазақстан тарихындағы ең қайғылы беттердің бірі. Күштеп ұжымдастыру, жаппай ашаршылық пен қуғын-сүргін орасан зор адам шығынына алып келді. 5 миллионнан астам қазақ ашаршылықтан қаза тауып, туған жерлерін тастап, бас сауғалауға мәжбүр болды немесе лагерьлерге қамалды. Бұл халыққа, оның мәдениетіне, тарихына және болашағына өте ауыр соққы болды.

Лагерьлерде көрнекті қазақ зиялылары - ғалымдар, жазушылар, өнер қайраткерлері жойылды. Павлодар облысында 1920-1941 жылдар аралығында төрт мыңнан астам адам жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырады. Олардың қатарында жазушы Жүсіпбек Аймауытов, журналист Қадыр Тайшықов, ҚазКСР-ның тұңғыш халық әртісі, режиссер және драматург Жұмат Шанин бар.

Жаппай депортация кезінде тек қазақтар ғана емес, басқа да ондаған этностар қуғындауға ұшырады. Бұрынғы Одақтың түкпір-түкпірінен миллиондаған адам Қазақстанға күштеп көшірілді. Қиыншылықтарға қарамастан қазақ жері олардың екінші Отанына айналды. Халқымыз еріксіз қоныс аударылып келгендерге қамқорлық танытып, соңғы нанымен бөлісті.

Бұл күн халқымыздың еркін және бейбіт өмір сүру құқығы үшін төлеген жоғары құнын еске салады. Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу тек өткенге құрмет көрсету емес. Бұл біздің перзенттік міндетіміз және болашақ ұрпақ үшін маңызды бағыт-бағдар.

Сол кездегі зобалаң енді ешқашан қайталанбасын.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев