Бүгін Павлодардағы Ertis Promenade жағалауында жас кәсіби мамандарды, оқушыларды, студенттерді, оқытушыларды, колледж, ЖОО және бизнес өкілдерін біріктірген «MamandyqFest - 2025» ауқымды жұмысшы мамандықтарының фестивалі өтті.
Іс-шара жастардың әлеуетін, іс жүзінде қолданылатын дағдылардың өзектілігін және қазіргі заманғы экономика жағдайында жұмысшы мамандықтардың қажеттілігін айқын көрсетті.
Фестивальдің басты шараларының бірі WorldSkills чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің өнер көрсетуі болды. Олар өз дағдыларын инженерия, ақпараттық технологиялар, аспаздық, дизайн және басқа салаларда көрсетті. Павлодар облысы WorldSkills Kazakhstan - 2024 ұлттық кәсіби шеберлік чемпионатының қорытындысы бойынша еліміздегі үздік төрт өңірдің қатарында, яғни, бұл өңірдің мамандар даярлаудағы жоғары деңгейін көрсетеді.
Облыс әкімі Асайын Байханов жұмысшы мамандықтарды қолдау мен дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Мемлекет басшысы 2025 жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады - бұл біздің еліміздің дамуындағы еңбек пен шеберліктің орасан зор рөлін мойындау. Біз жастардың өсуі мен өзін-өзі дамытуы үшін жағдай жасауды жалғастырамыз. Бүгінгі таңда тоғызыншы сынып бітірген 11 мыңнан астам оқушының алдында маңызды таңдау тұр - болашақ мамандықтарын таңдау. Біз бұл жолды ыңғайлы, қолжетімді және перспективалы ету үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Ағымдағы жылы тегін оқуға арналған гранттар көлемі үштен бірге ұлғайды, стипендиялар мөлшері бір жарым есе өсті. Білім алушылар тамақпен, жатақханамен қамтамасыз етілген және көлік шығындары өтеледі. Өндірістік тәжірибеден өткен жағдайда 250 мың теңгеге дейін төленеді және еңбек өтіліне есептеледі. Біздің студенттер Германия, Түркия және Қытайда шетелдік тәжірибеден өтуде. Биылғы жылы «Жаңа мамандықтар атласына» енгізілген мамандықтар бойынша білім алған студенттер оқуын аяқтайды. Оқу бітіруші түлектерге диплом ғана емес, сонымен қатар шығармашылық индустрия бағыттары бойынша курстан өткені туралы сертификат беріледі.
Форум аясында WorldSkills өңірлік чемпионатының жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Үздік 55 жас маман жоғары жетістіктері мен кәсібилігі үшін жоғары марапаттарға ие болды.
Сондай-ақ, Қазақстанның барлық өңірлерінен 27 команданы біріктірген «Innovation» республикалық хакатонның қатысушыларына сыйлықтар табысталды. Жас IT-мамандар цифрлық технологиялар мен веб-бағдарлама әзірлеу саласында креативті шешімдер ұсынды. Жүлдегерлер ақшалай сертификаттарға ие болды: 1 орын - 1 000 000 теңге, 2 орын - 500 000 теңге, 3 орын - 300 000 теңге.
Фестивальдің ерекше және эмоционалды сәті музыка колледжінің оқытушылары мен студенттері орындаған авторлық «Жұмысшы мамандықтарының әнұраны» болды. Композиция жұмысшы мамандықтар жылының құрметіне арнайы жазылып, ел болашағын өз қолымен, білімімен және дарынымен көркейтетін жандарға арналды.
Күні бойы фестиваль аумағында көрме аллеясы жұмыс жасады. Онда өңірдің 36 колледжі мен жоғары оқу орындары өздерінің білім беру бағдарламаларын, жетістіктері мен жобаларын ұсынды. Сонымен қатар, жетекші кәсіпорындардың, шағын және орта бизнестің, сондай-ақ агроөнеркәсіптік сектордың өкілдері қатысты.
«MamandyqFest - 2025» тек шеберлік мерекесі ғана емес, сондай-ақ шабыт, тәжірибе алмасу және өңір жастарының болашақ кәсіби өмірін бастау үшін маңызды платформа болды.
Бүгінгі таңда өмірлік және кәсіби жолды таңдау сатысында тұрған мектеп оқушылары үшін фестиваль әлеуетті жұмыс берушілермен, оқытушылармен және тәлімгерлермен тікелей қарым-қатынас жасауға, заманауи мамандықтар, оқу жағдайлары және мансаптық перспективалар туралы көбірек танып-білуге таптырмас мүмкіндік берді.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев