Павлодар облысында Новосібір облысының мәдениет күндері өтуде

Павлодар облысында Новосібір облысының мәдениет күндері өтуде

Павлодарға ресми сапармен губернатор Андрей Травников бастаған көрші өңірдің делегациясы келді.

Сапар Новосібір облысының мәдениет күндері аясында өтіп жатыр және Ресей мен Қазақстанның Уфадағы XX өңіраралық ынтымақтастық форумы барысында өткен екі өңір басшыларының кездесуінің жалғасы болды.

Новосібір облысы дәстүрлі түрде өзара сауда көлемі бойынша Павлодар облысының сыртқы экономикалық әріптестері арасында жетекші орындардың бірін алады. Өңірлер өнеркәсіп, сауда, ауыл шаруашылығы, көлік, мәдениет, спорт және білім беру сияқты салаларда белсенді ынтымақтастықта.

Ресми кездесу барысында екі өңірдің мәдениет және білім беру мекемелері арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Құжат мәдени байланыстарды дамытуға және нығайтуға бағытталған бірлескен іс-шараларды өткізуді көздейді.

- Біздің ұлттық мінезіміздің айрықша белгілері әрқашан ашықтық пен толеранттылық болды. Дәл осы қасиеттер біздің халқымыздың басты құндылықтары - бірлік пен келісімнің негізінде жатыр. Ынтымақтастық пен шекара маңындағы байланыстар әлеуметтік-экономикалық интеграцияның маңызды драйверлері болып қала береді, - деп атап өтті Асайын Байханов.

Сондай-ақ, сапар аясында облыс әкімі Павлодар облысының инвестициялық әлеуетін, атап айтқанда «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының мүмкіндіктерін таныстырды.

Естай атындағы мәдениет сарайында Новосібір облысының мәдениет күндерінің салтанатты ашылуы болды. Қонақтарға «Место притяжения - Сибирь» сахналық костюмдер көрмесі ұсынылды, сондай-ақ Новосібір облысының шығармашылық ұжымдарының қатысуымен концерт өтті.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев