Павлодар облысында маусымаралық кезеңге картоп қоры құрылады

Павлодар облысында маусымаралық кезеңге картоп қоры құрылады

Облыс әкімдігінде ірі картоп өсірушілермен меморандум жасалды. Фермерлер өнімнің 15% - ын белгіленген бағамен өңір тұрғындарының алдағы қыс пен көктемдегі қажеттіліктері үшін сақтайды.

 

15 ірі шаруа қожалықтарының басшыларымен өткен кездесуде Павлодар облысының әкімі өткен көктемде картоптың бағасы бір килограмм үшін 140 теңгеге жеткенін еске салды. Әбілқайыр Сқақов айтқандай, қазақстандық картоптың басым бөлігі өндірілетін өңірде мұндай жағдай қайталанбауы тиіс.

 

- Наурызда біздің дүкендердің сөрелеріндегі картоп күрт қымбаттаған кезде, бұл түсінбестік туғызды, - деді ол. - Маусымаралық кезеңге біз белгіленген баға бойынша көкөніс өнімдерінің қорын қарастыруымыз керек. Әрине, бұған қоса, картопты алыпсатарлардың тізбегін бақылау қажет, осымен айналысамыз. Бірақ ең алдымен бұл өнімнің тұрғындар үшін маңыздылығын түсінетін картоп өндірушілерімен өзара түсіністікке қол жеткізу маңызды.

 

Өткен жылы Павлодар облысында 512 мың тонна картоп алынса, қазіргі өнім молырақ - 564 мың тоннаға жуық болады деп күтілуде. Бұл өңірдің өнімге деген қажеттілігінен едәуір асып түседі. Сонымен шаруаларға алынған өнім көлемінің 15% - ын павлодарлықтардың қажеттіліктеріне қалдыру ұсынылды.

 

- Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бар екенін түсінеміз және Павлодар облысында жеткілікті мөлшерде өсірілетін картоп пен басқа да көкөністер бағасының өсуіне жол берілмейді, - деп атап өтті «Ақтоғай Агро» ЖШС басшысы Александр Терентьев. – Мен меморандумға қол қоюға дайынмын және әріптестерім де дайын деп ойлаймын. Алайда сонымен қатар бізді басқа да мәселелер толғандырады. Пандемияға байланысты шекаралар жабылған кезде біз басқа ойыншылар алып жатқан Ресей нарығын жоғалттық. Қазір Өзбекстанға картоп жеткізу мәселесі өткір тұр. Сондықтан біз осы көктемде көкөніс өнімдерін шетелге шығаруға тыйым салынуы мүмкін деп қорқамыз, көпшілігіміз экспорт тізбегін жылдар бойы қалыптастырған болатынбыз.

 

Өңір басшысы павлодарлық картоп өсірушілердің мүддесін республика деңгейінде, соның ішінде сыртқы нарықтарға ауыл шаруашылығы өнімдерін еркін сату мәселесінде қорғауға дайын екенін айтты. Бұдан басқа, облыста тұқым шаруашылығы өнімдерін субсидиялау мәселесін шешу қолға алынады. Бүгінде фермерлер оларды алуда қиындықтарға жиі тап болуда.

Әкімдік өкілдері мен картоп өсірушілер келісімге қол қойды. Әбілқайыр Сқақов тараптарға байланысты емес қандай да бір өзгерістер болған жағдайда олар құжаттың шарттарын әрдайым талқылай алатынын атап өтті.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суретті түсірген Валерий Бугаев