Жолдарды айырбастады

Жолдарды айырбастады

Павлодар облысының әкімдігі мен Инвестициялар және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті автомобиль жолдарымен алмасу туралы меморандум жасасты. Құжатқа облыс әкімінің бірінші орынбасары Ұлан Жазылбек пен Автожолдар комитетінің төрағасы Мереке Пішенбаев қол қойды. Шартта көрсетілгендей, Ленин кентінен Орыс алаңы на дейінгі ұзындығы 272 км жол облыстық коммуналдық меншіктен республикалық меншікке ауыстырылды.

– Бұл жол екі елдің арасындағы көлік қатынасын қамтамасыз етеді, шекарада «Амангелді» өткізу бекеті бар, – деді аймақ басшысы Болат Бақауов. – Бұл трассаны республикалық меншікке аудару өңірдің жол саласын анағұрлым дамытуға және жолдың жабындысын халықаралық стандарттарға сай етуге мүмкіндік береді. Качир мен Михайловка арқылы Ресейге апаратын тас жолды республикалық меншіктен облыстық меншікке аудару өңірдің жол желісін ары қарай дамытуға мүмкіндік береді. Бұрын бұл жол арқылы Новосібір облысына өтуге болатын. Қазір бұл бағытта көлік қатынасы соншалықты тығыз емес.

– Соңғы 10 жыл ішінде облыстық меншіктен республикалық меншікке қабылдаған жолдың алғашқысы «Ленин кенті – Үлкен Ақжар – Курчатов» тас жолы еді, – деді Инвестициялар және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің басшысы Мереке Пішенбаев. – Облыстық коммуналдық меншікте болғанда бұл жолдың жағдайы өте нашар еді. Соңғы 5-7 жылдың ішінде біз бұл жолға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Жыл сайын бұл жұмыстарға 2-3 миллиард теңге қаржы жұмсалды.

Автомобиль жолдары комитетіндегілер Ленин кентінен Орыс алаңына дейінгі жолды келесі жылдан бастап  жөндей бастайтынын хабарлады.