Жұмыс сапарының негізгі мақсаты көктемгі егіс жұмыстарының барысымен танысу, агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобаларды іске асыру, сондай-ақ, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесу болды.
Ертіс ауданы жылдағы дәстүр бойынша егіс алқаптарының көлемі бойынша көшбасында - 326,8 мың га, оның 234 мың га егіс алқабын дәнді дақылдар алып жатыр. Астықтың негізін бидай (199,7 мың га) және арпа (24,9 мың га) құрайды. Ауыл шаруашылығын әртараптандыру жұмыстары аясында майлы дақылдарға арналған алқаптар - 63,6 мың гектарға дейін ұлғайтылды, оның ішінде 54 мың га күнбағысқа тиесілі.
Диқаншылармен кездесу барысында өңір басшысы жер ресурстарын ұтымды пайдалануға және агротехнология деңгейін арттыру қажеттілігіне баса назар аударды:
- Жаңа жерлер пайда болмайды. Біздің міндетіміз - болашақ ұрпақ үшін топырақтың құнарлылығын сақтау және өнімділіктің тұрақтылығын қамтамасыз ету. Тыңайтқыштарды қолданбай бұған қол жеткізу мүмкін емес, - деп атап өтті Асайын Байханов.
Ашық диалог барысында ауыл шаруашылығы өндірушілері өзекті мәселелерін көтерді. Соның ішінде ауыл шаруашылығы техникасына техникалық қызмет көрсетудегі қиындықтар, яғни, қосалқы бөлшектердің жетіспеушілігін, жөндеу мен қызмет көрсетуге көп шығындар кететінін айтты. Облыс әкімі көтерілген мәселелердің өзектілігін растап, тиісті мемлекеттік органдар жағдайды бақылауға алатынын жеткізді.
Талқыланған тақырыптардың қатарында суармалы егіс алқаптарының жобаларын іске асыру үшін инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету болды, сондай-ақ, қаржы институттары арқылы қаражат алу кезінде кепіл қоюда туындаған қиындықтар айтылды. Дәл сол жерде шаруаларға мемлекеттік бағдарламаларға қатысу, олардың шарттары мен кепілмен қамтамасыз ету мүмкіндіктері туралы толық түсініктемелер берілді. Кездесуге қатысушылар берілген ақпаратқа қанағаттанушылықтарын білдірді.
Асайын Байханов ауыл шаруашылығы өндірушілеріне инженерлік желілер құрылысына жобалық-сметалық құжаттаманы алдын ала дайындауды және келесі жылға арналған қаржыландыру жоспарларына енгізу үшін өтінімдер жіберуді ұсынды:
- «Жол картасы» аясында қолдау алу үшін құжаттарды кәсіпкерлік басқармасына тапсыру қажет. Бюджет ресурстарының шектеулі екендігін ескере отырып, келесі жылға арналған қаржыландыру жоспарына ену үшін шілде айына дейін өтінім беру өте маңызды, - деп атап өтті облыс әкімі.
Сондай-ақ, электр энергиясының тапшылығы, мал сою кешенінің жоқтығы және жергілікті жерлерде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту қажеттілігі талқыланды.
Жұмыс сапары аясында өңір басшысы 2024 жылы жаңғыртылған «Сүт өнімдері ПФ» ЖШС-на барды. Кәсіпорын тәулігіне 1,2 тоннаға дейін қатты және тұзды ірімшіктер, май және қаймақ шығарады. Сүт зауытында 40 адам жұмыс істейді.
Аудан орталығында Асайын Байханов бассейннің және 300 млн теңге инвестиция салынған жаңа супермаркет құрылыстарының барысымен танысты.
Ертіс ауданының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша өткен жиналыста өңір басшысы инвестициялық саясатты жандандыру және жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына тартудың тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті. Облыс әкімі инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша «Жол картасын» әзірлеуді тапсырды, өйткені, ауданның жылу желілерінің 62%-ы және электр желілерінің 81%-ы жаңартуды талап етеді.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мен халықпен кері байланысты нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Әкімнің айтуынша, тұрғындармен жанды диалог құру биліктің барлық деңгейінде басымдыққа айналуы тиіс.
Ертіс ауданынан келгеннен кейін Асайын Байханов шегірткеге қарсы күреске дайындықты және шыбын-шіркейге қарсы жүргізіліп жатқан дезинсекциялық жұмыстарды тексерді.
2025 жылы шегірткенің үйірлі және саяқ түрлеріне қарсы күрес аясында облыс аумағының 48,3 мың га аумағын, оның ішінде 19,6 мың га аумақты - шегірткенің итальяндық прус түріне қарсы өңдеу жоспарлануда. Бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен 39,6 млн теңге және жергілікті бюджеттен 49,9 млн теңге бөлінді.
Жұмыстың белсенді кезеңі маусым айында басталады және 10-нан астам мамандандырылған техника тартылады.
Сонымен қатар, аймақта шыбын-шіркейге қарсы ауқымды дезинсекциялық іс-шаралар жалғасуда. 29 сәуірден бастап Ертістің жайылма алқабы мен ауылдық аумақтарын қоса алғанда, 172 мың га аумаққа әуеден өңдеу жүргізілуде. 13 мамырдан бастап өзен арқылы өңдеу жұмыстары басталды. Ертіс өзеніндегі жұмыстар 10 күн аралықпен үш кезеңде өтеді. Заманауи, экологиялық таза және жоғары тиімді препараттар қолданылуда. Жағалау аумағында күн сайын тосқауылды өңдеу жүргізілуде.
Облыс әкімі жағдайға күнделікті негізде мониторинг жүргізуді, зиянкестердің жаппай ұшып шығуына және шыбын-шіркейдің таралуына жол бермей, ғылыми ұсыныстарды ескере отырып, жұмыс барысына түзетулер енгізіп отыруды тапсырды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев