Жаңа Әдеп кодексінің талаптары

Жаңа Әдеп кодексінің талаптары

Бүгінгі күні қоғам мемлекеттік қызметшілерден біліктілігімен қатар олардың әдептілігін, адалдығын, адамгершілік қасиетін және жоғары мәдениеттілігін талап етеді.

Мұның барлығы бір сөзбен айтқанда мемлекеттік қызметшінің моральдық-адамгершілік бейнесін құрайды, олардың әдептілік деңгейін көрсетеді.

Жаңа Әдеп кодексі қызметтік әдеп стандарттарын белгілейді және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға негіз болады.

Әдеп кодексі 5 бөлімнен тұрады, оның ішінде мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен, әріптестерімен және көпшілік алдында өзін-өзі қалай ұстау керек екендігі жөнінде стандарттары айқындалған.

Ал енді өзгешеліктерге келететін болсақ, бірінші ол Кодексте мемлекеттік қызметтің әдептілік қағидаттары айқындалған - адалдық, әділеттілік, ашықтық, адал ниеттілік, сыпайылық және клиентке бағдарлану.

Бұл ретте мемлекеттік қызметшілер мұң-мұқтажын айтқан қарапайым халыққа тиісінше сапалы жауап беріп, жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын екенін көрсетіп, өзінің қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге, халықтың сұранысына сай қызмет көрсетуі тиіс.

Аталған қағидаттар мемлекет басшысының «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға, сондай-ақ қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте қарым-қатынастың жоғары мәдениетін және парасаттылық атмосферасын қалыптастыруға толықтай ықпал ететіні сөзсіз.

Мұнымен қоса, қолданылып келген Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік бейнесімен қатар, олардың лауазымдық міндеттерін сапалы орындау және мемлекеттік қызметке байланысты өзге де ережелер мен шектеулерді сақтау көзделген.

Мысалы, бұрынғы редакцияда басшыларға қарамағындағы қызметшілермен қарым-қатынас кезінде еңбекті, денсаулықты қорғауға, тиімді қызмет ету үшін қауіпсіз және қажетті жағдайларды жасау міндеттелген, алайда бұл талаптар Әдеп кодексінде бар-жоғына қарамастан орындалуға тиіс.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілерге жасағаны үшін заңнамада тәртіптік, әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылық көзделген құқық бұзушылықтар мен теріс қылықтарды жасауға жол бермеу талабы қойылған.

Алайда, тәжірибеде осы нормаға сәйкес әкімшілік жазаға тартылған қызметшіні қайтадан тәртіптік жазаға тарту мүмкін еді. Жаңа редакцияда бұл норма алынып тасталды.

Яғни жаңа Кодекстегі стандарттар тек мемлекеттік қызметшілердің әдептілік бейнесіне ғана қойылатын талаптарды қамтиды.

Бұл мемлекеттік қызметшілердің өздері үшін маңызы бар қағидаттар мен құндылықтарды түсіне отырып, адамгершілік қасиетін, мәдениеттілігін арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер, қызметтен тыс уақытта жалпы қабылданған моральдық-әдеп нормаларын ұстануға тиіс.

Жекелеген қызметшілердің қызметтен тыс уақытта жасалған болмашы әрекеттері қоғамдық резонансқа айналып, нәтижесінде халықтың билікке деген сенімінің төмендеуіне әсер етіп жатады.

Дегенмен әрбір мемлекеттік қызметші бірінші кезекте сол қоғамның мүшесі, Конститцуиямен және заңдармен көзделген басқа да қоғам мүшелеріне тиесілі құқықтар мен міндеттерге ие осы мемлекетіміздің азаматы. Яғни ол да басқа азаматтар сияқты қызметінен тыс уақытта осы қоғамға тиесілі моральдық-этикалық нормаларды сақтай отырып жүріп тұру құқығына ие. Алайда, мемлекеттік қызметші өзінің жауапкершілігін, мәртебесін сезіне отырып барлық іс-әрекеттерін әдеп нормаларының шеңберінде жүзеге асыруы тиіс.

Осыған орай, қазіргі уақытта осы қағиданы қоғамның санасына сіңіру қажет. Яғни, егер мемлекеттік қызметші жұмыстан тыс уақытта қандай да бір әкімшілік немесе басқа да бұзушылықтар жасап жатса, ол басқа да азаматтар сияқты заңнамамен белгіленген жауапкершілікке тартылуда. Ал оның тәртіптік жауапкершілігі тек құқықбұзушылық пен мемлекеттік қызметшінің өкілеттегі арасындағы себеп-салдарлық байланыс болғанда қаралуы тиіс.

Әрбір мемлекеттік қызметші халыққа жақын болуы керек. Қызметшілер сөзі өтімді, ісі кесімді, адамға жұғымды болуы тиіс. Тек сонда ғана қоғам тарапынан мемлекеттік қызметке деген дұрыс пікір, оң көзқарас, оған деген айқын сенімділік қалыптасады.

 

Р.Қ.Усина

Железин ауданы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп жөніндегі уәкілі