Железин ауданының орталығында 36 отбасы баспаналы болды.

Железин ауданының орталығында 36 отбасы баспаналы болды.

Бұл пәтерлер үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарына үлестірілді.
Жаңа пәтерлердің кілттерін ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Асайын Байханов табыстап, отбасыларға береке тіледі.


- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықты әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етуді мемлекеттің басты міндеті деп үнемі айқындайды. Бүгін железиндіктер үшін ерекше күн. Өйткені он жылдан астам жеке үйін күткендер баспана кілтін алады. Осы ретте, жылдар бойы шыдамдылық танытқандарыңызға алғыс айтамын. Біз жыл сайын шамамен 1500 пәтер табыстаймыз. Былтыр 2 мыңға жуық баспана берілді. Дегенмен, тұрғын үй кезегінде тұрғандар көп. Облыс көлемінде әлеуметтік баспана кезегінде 50 мыңнан астам адам бар. Тұрғын үй құрылысы көлеміне қарамастан, өкінішке қарай, тұтас сұранысты толық бір мезетте қанағаттандыру мүмкін емес. Құрылыс көлемін жыл сайын қалада ғана емес, аудан орталықтарында, ауылдарда да ұлғайта береміз. Сондықтан,биыл, келесі жылы тұрғын үй құрылысы көлемі екі есе өсті. Жылдар өте бір күні әлеуметтік пәтерге мұқтаж жандар болмайтын кезге де жетеміз деген үміттеміз, - деді Асайын Байханов.

Баспаналы болған тұрғындардың бірі - көп балалы ана Махаббат Башенова.

Жаңажұлдыз ауылында тұрамыз. Бүгін жаңа пәтер алып, қуанып отырмыз. 9 жыл үй кезегінде тұрдық. Енді аудан орталығына қоныс аударамыз. Үлкеніміз 16 жаста, кенжеміздің дүниеге келгеніне 1 ай да толған жоқ. Ерекше қуаныштымын, - дейді жаңа қоныс иесі Махаббат Сапарғалиқызы.
Ал Веселая роща ауылының тұрғыны Лариса Горен ұлы Артемнің баспаналы болғанына қуанышты. Ұлының бала кезінен көзі көрмейді. Мүмкіндігі шектеулі азамат ретінде төрт жыл бұрын пәтер кезегінде тұрған екен. Енді анасы аудан орталығына ұлы үшін қоныс аударып, ауруханаға бір табан жақын тұратынына риза.
Железин аудандық экономиканың нақты секторы бөлімі басшысының міндетін атқарушысы Қанат Рамазановтың мәлімдеуінше, ауданда 354 азамат тұрғын үй кезегінде тұр.
36 пәтердің 9-ы үш бөлмелі, 12 пәтер екі бөлмелі, қалғаны - бір бөлмелі.

Айта кетейік, ауданда соңғы рет 2024 жылы осындай тұрғын үй кезектегі азаматтарға табысталды.

 

saryarqa_samaly

Г.Түгелбай
Суреттерді түсірген - Е.Исабек