
БЖЗҚ ТУРАЛЫ ӨЗЕКТІ СҰРАҚТАР
Қазіргі уақытта салымшылар міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған жинақтарының 50%-на дейінгі бөлігін инвестициялық портфельді басқарушыға (ИПБ), сондай-ақ ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптастырылған жинақтарының 100%-на дейінгі бөлігін ИПБ-ға бере алады. 2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап салымшылардың міндетті зейнетақы жинақтарын ИПБ-ға беру мүмкіндігі 100%-ға дейін кеңейеді. Салымшыларға ИПБ-ны таңдау кезінде қолайлы болуы үшін зейнетақы активтерін инвестициялық басқару жөніндегі invest.enpf.kz интернет-платформасында ай сайын барлық қажетті ақпарат жарияланады. Атап айтқанда, онда қаржылық көрсеткіштер, зейнетақы активтерінің кірістілігі, сенімгерлік басқарудағы зейнетақы активтерінің көлемі, инвестициялық портфельдің құрылымы және оның динамикасы көрсетіледі.
Зейнетақы жинақтарын ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына беру үшін салымшы зейнетақы активтерін басқаруға жіберілген ИПБ тізілімінен қажетті ИПБ-ны таңдауы қажет. Бұл туралы толық ақпарат БЖЗҚ сайтындағы «Қызметтер – Сенімгерлік басқаруға беру – Инвестициялық портфельді басқарушылар тізілімі» бөлімінде орналастырылған. Одан кейін белгіленген нысан бойынша өтініш беру қажет. Мұны БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинет арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып немесе БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесіне барып жасауға болады.
Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру туралы берілген өтініштің мәртебесін БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинеттен немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасындағы «Менің төлемдер/аударымдар/ЕЗЖ қайтаруға қатысты өтініштерім» бөлімінен бақылауға болады.
ИПБ-ға беру туралы өтініштерді қабылдау, сондай-ақ оларды БЖЗҚ-да өңдеу үрдістері толық автоматтандырылған. БЖЗҚ зейнетақы активтерін ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына беруді нормативтік-құқықтық актілерде белгіленген мерзім ішінде жүзеге асырады.
2023 жылғы 1 шілдеден бастап салымшылар міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған жинақтарының 50%-на дейінгі бөлігін және ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптастырылған жинақтарының 100%-на дейінгі бөлігін ең төменгі жеткіліктілік шегін есепке алмай, ИПБ-ға аудару мүмкіндікке ие болды. Сонымен қатар, егер сақтандыру компаниясымен зейнетақы аннуитеті шарты жасалған болса, МЗЖ және/немесе МКЗЖ бойынша жинақтардың бүкіл сомасын аударуға болады.
2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап салымшылардың міндетті зейнетақы жинақтарын ИПБ-ға беру мүмкіндігі 100%-ға дейін кеңейеді.
Зейнетақы жинақтарының 100%-на дейінгі бөлігін ИПБ басқаруына беру салымшыларға ИПБ-лардың көрсеткіштері мен инвестициялық стратегияларын зерделеу негізінде, өздерінің жеке қалауларын ескере отырып, капиталды ұзақ мерзімді перспективада көбейтуге мүмкіндік береді.