"AI Leaders 2026" білім беру бағдарламасы

"AI Leaders 2026" білім беру бағдарламасы
Мемлекет басшысының жүйелі цифрландыру және экономиканың барлық саласына ЖИ енгізу туралы тапсырмасын орындау аясында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Стэнфорд университетінің Жасанды интеллект зерттеу орталығы - Stanford University Human-Centered Artificial Intelligence (HAI), ChatGPT жасаушысының білім беру платформасы - OpenAI Academy және Кремний алқабындағы халықаралық Silkroad Innovation Hubмен серіктестікте «AI Leaders 2026» флагмандық білім беру бағдарламасын бастайды.
Бұл - академиялық тәжірибе мен практикалық қолдануды ұштастырған, Орталық Еуразия өңірі үшін жасалған жасанды интеллект саласындағы көшбасшыларды даярлайтын ең ірі корпоративтік бағдарлама. Негізгі ұйымдастырушылардан бөлек, ЖИ-агенттері мен цифрлық шешімдерді жасауға мүмкіндік беретін Lovable және CAYU платформалары, сондай-ақ Назарбаев Университеті жанындағы Интеллектуалды жүйелер және жасанды интеллект институты (ISSAI) жобаның серіктестері болып табылады.
Бағдарламаның академиялық жетекшісі - Stanford University HAI профессоры, ЖИ туралы әлемдік бестселлер авторы, Google Research-тің экс-директоры және ҚР Президенті жанындағы ЖИ дамыту жөніндегі сарапшылық кеңестің мүшесі Питер Норвиг. Оның жетекшілігімен оқу материалы біздің өңірдің ерекшеліктеріне барынша бейімделген.
Премьер-министрдің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев:
«Мемлекет басшысының экономиканың барлық секторына жасанды интеллектіні енгізу туралы тапсырмасын орындай отырып, біз тәжірибелік өзгерістер кезеңіне көшеміз. Бағдарлама қорытындысы бойынша Stanford University HAI сараптамасына және OpenAI Academy технологияларына сүйене отырып, әрбір қатысушы өз ұйымы үшін қолданбалы ЖИ-стратегиясын жасайды. Бұл әрбір компанияның цифрлық трансформациясы бүкіл елдің технологиялық көшбасшылығы мен табысының негізіне айналатын басқарудың жаңа моделінің іргетасын қалайды» - деп атап өтті.
Оқу 8 сәуірде басталады, ол интенсивті live-сессиялары форматындағы 30 сағаттан астам оқуды қамтиды және кең аудитория үшін озық білімге қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, қазақ, өзбек және орыс тілдеріндегі аудармамен сүйемелденетін болады.