Сіздерді жаңа 2025–2026 оқу жылының басталуымен – Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке әрбіріміз үшін ерекше мәнге ие, себебі білім – жарқын болашақтың кепілі, ел дамуының басты құндылығы.
Биылғы оқу жылы еліміз үшін маңызды тарихи кезеңге тұспа-тұс келіп отыр – Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы. Конституциямыз – әділетті қоғам мен тұрақты дамудың негізі. Сондықтан бүгінгі мереке еліміздің басты Заңына деген құрметпен де ұштасып отыр.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, болашағымыздың негізі – «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» қағидасы. Осыған сәйкес білім беру жүйесі «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында жас ұрпақтың бойына адалдық, еңбексүйгіштік, жауапкершілік пен патриотизм құндылықтарын дарытуды көздейді.
Қымбатты бірінші сынып оқушылары!
Бүгін сіздер алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, білім әлеміне үлкен қадам жасадыңыздар. Бұл күн сіздер үшін есте қаларлық мереке, жаңа өмірдің бастауы. Әр күніңіз қызықты білімге, жаңа достарға, үлкен армандарға толы болсын! Сіздер – еліміздің болашағысыздар, ал ұстаздарыңыз бен ата-аналарыңыз сіздерге әрқашан қолдау көрсетеді.
Ұстаздарға зор шығармашылық табыс тілеймін, шәкірттеріңіздің жүрегіне ізгілік пен білім сәулесін ұялата беріңіздер.
Жаңа оқу жылы баршаңызға жаңа жетістіктер, зор табыстар әкелсін!
Білім күні құтты болсын!
Аудан әкімі А.Шайхимов