Туберкулезді менингит - бұл туберкулездің микобактериялары тудыратын ми қабығының қабынуы және туберкулездің ең ауыр түрлерінің бірі. Ми қабының туберкулезді қабынуы көбінесе балаларда, жиі нәресте жаста байқалады. Туберкулезді менингитпен ауырған кезде ауыр асқынулар болуы ықтимал және өлім қаупі жоғары. Сондықтан уақытында дұрыс диагноз қою және емдеуді ерте бастау өте маңызды. Арнайы емсіз туберкулезді менингит 20 - 25 күнде өліммен аяқталады. Уақтылы басталған және ұзақ ем қабылдаған пациенттердің 90 - 95% аурудан сауығады. Рецидивтердің пайда болуы, эпилепсия және нейроэндокринді бұзылулардың дамуы түрінде асқынулар болуы мүмкін.
Туберкулез менингиті қалай беріледі?
Бастапқыда инфекция ауа - тамшылары мен ауа - шаң арқылы беріледі, инфекция өкпеде және жақын орналасқан лимфа түйіндерінде шоғырланады. Микобактериялар қанға еніп, жұмсақ ми қабығын зақымдайды. Содан кейін патоген жұлын сұйықтығына еніп, жұмсақ ми қабығының қабынуын тудырады.
Туберкулез менингитінің белгілері
Аурудың басында балада жалпы әлсіздік немесе дене температурасының шамалы жоғарылауы байқалады. Бұл уақытта бала әдеттегі белсенділігін жоғалтып, енжарлық, ұйқышыл, көңілсіз, ашуланшақ болады, тәбетін жоғалтады, мазасыз болады. Кейде мұндай балалардың басы ауырады. Ерте жастағы балаларда ас қорыту жүйесінің бұзылуы мүмкін.
Бастапқы кезеңде менингитті анықтау өте қиын. Кейіннен баланың тұрақты және күшейіп жатқан бас ауруы пайда болады - кейде бас ауыруы соншалықты күшті, тіпті бала шыдамай айқайлап жылайды. Бұл ауруға тағы бір тән белгі – тамақтанумен байланыссыз болатын құсу. Ауыр жағдайларда балада ұйқышылдық пен сананың шатасуы болады, фотофобия – жарыққа қарай алмайды, бүктүсіп, аяқтарын ішіне тартып, жарықтан теріс қарап төсекте жатып қалады.
Туберкулезді менингиттің алдын алу
Уақытылы басталған ем туберкулездің осы қауіпті түрінен емделіп кетуіне әкеледі. Балалар мен жасөспірімдер арасында туберкулез ауруының алдын алуда перзентханаларда жаңа туған нәрестелерге жасалатын екпелер (БЦЖ вакцинациясы) үлкен рөл атқарады. Сондықтан ата - аналардың вакцинациядан бас тартуы зиянды рөл атқарады - соның салдарынан туберкулез, оның ішінде туберкулез менингитіне әкеліп соғуы мүмкін.
Стандартты дозалардағы вакцина балаларға залалсыз, туберкулез ауруын туындата алмайды, бірақ ағзасында иммунитет пайда болып, туберкулезден қорғайды. Сондықтан екпе жасалған балалар туберкулезге қарсы екпе алмағандарға қарағанда сирек ауырады.
Алдын алу шараларына туберкулезді ерте анықтау тәсілдері де жатады: Манту сынамасы арқылы туберкулинодиагностика, жылда флюорографиядан өту, арнайы қан талдаулары, туберкулез аурулармен қарым-қатынастағы топтарды тексеру және т. б.
Железин аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы