Жұмыс сапары барысында өңір басшысы Шарбақты ауылындағы ветеринариялық пункттің құрылысымен танысты. Ауданы 50 шаршы метрден асатын жаңа нысан барлық қажетті инженерлік коммуникациялармен жабдықталады. Жобаның құны 30 млн теңгені құрайды, құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың маусым айында аяқтау жоспарланған.
Сондай-ақ Асайын Байханов құны 24,5 млн теңге болатын мал қорымының құрылыс барысымен танысты. Көлемі 90 текше метр болатын нысан ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтай отырып, биологиялық қалдықтарды қауіпсіз жоюға арналған. Құрылыс жұмыстарын осы жылдың маусым айында аяқтау жоспарланып отыр.
- Ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту - мал шаруашылығының қауіпсіздігін нығайтумен қатар, халықтың санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де маңызды. Сондықтан барлық нысандар белгіленген мерзімде пайдалануға беріліп, барлық талаптарға сай болуы керек, - деп тапсырды облыс әкімі.