Шаруашылықішілік жерге орналастыру

Шаруашылықішілік жерге орналастыру

Мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығымен беру Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 43-1-бабында белгіленген тәртіппен және шарттарда конкурс негізінде жүзеге асырылады.               

Осы баптың 9-тармағының 4-тармақшасының негізінде конкурсқа қатысуға өтінімде шаруашылықішілік жерге орналастыру жобасын жасау және игеру бойынша міндеттемелері бар конкурстық ұсыныс болуға тиіс (10-тармақтың 2-тармақшасына сәйкес). 

Шаруашылықішілік жерге орналастыру жобасы - әрбір жер учаскесінің жеке сипаттамаларын (құнарлылығын, технологиялық қасиеттерін, орналасқан жерін, рельефін, климатын, табиғи-тарихи, экологиялық және басқа да ерекшеліктерін) ескере отырып, неғұрлым оңтайлы пайдаланылуын қамтамасыз ететін іс-шаралар кешенін қамтитын, ауыл шаруашылығы жерлері аумағының таяу перспективаға ұйымдастырылуы мен орналастырылуын айқындайтын және негіздейтін құжат.

Шаруашылықішілік жерге орналастыру жобаларын әзірлеу ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді және ұтымды пайдаланудың негізгі шарты болып табылады. Жер пайдаланушылармен жалдау шарттарын жасасу кезінде ауыспалы егісті әзірлеу талаптары міндеттемелер пункттерінде жер учаскесін жалдау шартының ажырамас бөлігі ретінде көрсетіледі.

Осыған байланысты жер пайдаланушыларға міндетті шарттар туралы ескертеміз және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді сапалы игеру мақсатында шаруашылықішілік жерге орналастыру жобаларын әзірлеуге шақырамыз.