Қазақстанда әйелдердің еңбегін пайдалану шектелген жұмыстар тізімін алып тастау жоспарлануда

Қазақстанда әйелдердің еңбегін пайдалану шектелген жұмыстар тізімін алып тастау жоспарлануда

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде (бұдан әрі – Еңбекмині) дөңгелек үстел өтті, онда әйелдердің еңбегін пайдалану шектелетін жұмыстар тізімін алып тастау мәселесі қаралды.

Іс-шараға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, әлеуметтік әріптестер және басқалар қатысты.

Дөңгелек үстел барысында ҚР Еңбек кодексінің 16 және 26-баптарына әйелдер еңбегін пайдалануды шектейтін жұмыстар тізімін алып тастауға бағытталған өзгерістер енгізу мәселесі қаралды.

Бұл тізімде 213 кәсіп пен жұмыс түрлері бар, онда әйелдердің жұмыстың ауырлығына, зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайларына байланысты жұмысқа орналасуы шектелген.

Тізімді алып тастау әйелдердің барлық жұмыстарға тұра алуын қамтамасыз ету арқылы олардың жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейтуге және кемсітушілікке жол бермеу бойынша ратификацияланған халықаралық құжаттар шеңберінде Қазақстанның өзіне алған міндеттемелерін орындауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ кәсіптік тәуекелдерді басқару жүйесі шеңберінде және денсаулық сақтауды, сондай-ақ ана болуды қорғауды қамтамасыз ету мақсатында қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етудің қолда бар тетіктеріне қосымша бірқатар шараларды қарау ұсынылады.

Осылайша, әйелдердің еңбегін пайдалануға тыйым салынатын кәсіптер мен жұмыс түрлерін өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізіміне енгізу мәселесі қаралады, оларда жұмыс істеу қосымша ақылы еңбек демалысына және жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығына, сондай-ақ еңбекақының арттырылуына құқық береді (тізімде 8940 жұмысшы кәсіптер мен басшылар мен мамандар лауазымдары бар).

Бұдан басқа, «Ауыр жұмыстар, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстар саласында, жерасты жұмыстарында еңбек шарттарын жасасу үшін медициналық қарсы көрсетілімдер тізбесін» бала туу функциясымен байланысты әйелдер организмінің физиологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, қосымша медициналық қарсы көрсетілімдермен кеңейту жоспарлануда. Құжатқа әйелдер үшін жалпы шектеулерден басқа, аурулар мен патологиялардың 9 түрлі тобына шектеулер қосу ұсынылады.

Қабылданған шаралар кешенді түрде әйелдердің еңбек бостандығына, қызмет пен кәсіп түрлерін еркін таңдау конституциялық құқықтарын іске асыруға ықпал ететін болады, сондай-ақ еңбек нарығына, қаржылық және өзге де ресурстарға тең қолжетімділік жасау арқылы әйелдердің экономикаға қатысуын кеңейтуді қамтамасыз етуге ықпал ететін болады.

Талқылау қорытындысы бойынша дөңгелек үстелге қатысушылар әйелдердің еңбегін пайдалануға шектеу қойылған жұмыстар тізімінің күшін жоюды қолдады.