Мемлекеттік көші-қон бағдарламасы: қоныс аударушылар үшін барлық жағдай жасалған

Мемлекеттік көші-қон бағдарламасы: қоныс аударушылар үшін барлық жағдай жасалған

Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Мемлекеттік көші-қон бағдарламасын насихаттау бойынша брифинг өтті.

Баспасөз мәжілісіне Павлодар облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы көші-қон бөлімінің басшысы Меруерт Есембаева, Солтүстік Қазақстан облысы Уалиханов ауданы Жұмыспен қамту орталығының директоры Зәуреш Мұсабаева және Қостанай облысы Денисов ауданы әкімінің орынбасары Нұрлыбек Кәкімжан қатысты.

Брифингте алғаш сөз алған Меруерт Сейітбекқызы нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының іске асыру барысын баяндады.

– Павлодар облысына «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру басталғаннан бері қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына 6 652 адам (1 419 отбасы) енгізілді. Олардың еңбекке қабілетті жастағы азаматтардың (3 228) 2 523-не жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары көрсетіліп, оның ішінде 2 291 адам немесе 78,1 пайызы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Бұл ретте қоныс аударушылардың ішінде 686 отбасы (3 089 адам) тұрғын үйді жалға, 486 отбасы (2 208 адам) тұрғын үй сатып алды және 239 отбасы (1310 адам) мемлекеттік бағдарлама бойынша баспанаға қол жеткізді. Ал 4 отбасы (28 адам) жұмыс беруші есебінен баспаналы болса, 4 отбасы (17 адам) коммуналдық тұрғын үймен қамтамасыз етілді, – деді М.Есембаева.

Оның айтуынша, аталған бағдарлама аясында Шымкент қаласынан 69 отбасы (329 адам), ал Түркістан облысынан 393 отбасы (1 860 адам) қоныс аударған. Осы орайда Павлодар облысында қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылы республикалық бюджет есебінен 307 пәтер салынған.