
Павлодар облысында «INTERTRANS C.A.» ЖШС-нің Қазақстандағы алғашқы алкилат өндіретін зауытының құрылысы басталды.
Капсула салу рәсіміне облыс әкімі Асайын Байханов қатысып, жобаның стратегиялық маңызын және оның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген заманауи өндірістерді дамыту бағытына толық сәйкес келетінін атап өтті. Бұл жоба елдегі жоғары технологиялы мұнай-химияны дамыту мен мұнай өңдеу тереңдігін арттырудағы маңызды қадам болды.
Кәсіпорынның жылдық қуаты 97 мың тонна алкилатты құрайды. Бұл өз кезегінде экологиялық технологияларды қолдана отырып, жоғары сапалы бензин, оның ішінде авиациялық отын өндіруге мүмкіндік береді. Мұнда энергиялық тиімді технологиялар, автоматтандырылған басқару жүйелері және қоршаған ортаға әсерді барынша азайтатын инженерлік шешімдер қарастырылған.
Құрылыс кезеңінде шамамен 500 жұмыс орны, ал іске қосылғаннан кейін 180-нен астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Өнім ішкі нарыққа, соның ішінде ПМХЗ-ға, сондай-ақ экспортқа да бағытталады. Зауыттың іске қосылуы 2027 жылдың 4-тоқсанына жоспарланған.