АСТЫҚ ДЕР КЕЗІНДЕ ЖИНАЛУЫ ТИІС

АСТЫҚ ДЕР КЕЗІНДЕ ЖИНАЛУЫ ТИІС

Өткен сенбі, 29 тамыз күні аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов ауданымызда болып, бірқатар шаруашылықтарды аралап, әлеуметтік нысандарда болды. Егін орағының барысымен танысып, аудан басшылығына бірқатар тапсырмалар берді.
Алдымен Байқоныс ауылдық округінің Қызылтаң ауылында салынып жатқан халыққа таза ауыз су беретін су құбырлары желісін салу барысымен танысты. Су құбырлары желісін салу жұмыстарымен «Көлсай Строй» ЖШС айналысып жатыр. Құрылыс жұмыстарына республикалық бюджеттен 375,3 миллион теңге қаражат бөлінген. Бұл жоба екі жылға арналған. Аяқталу мерзімі - 2021 жылдың шілдесі. Ауылда 107 тұрғын үй бар. Бұндай шағын ауылдарға ауыз су құбырын салу екі жылға жоспарланғанын аймақ басшысы сынға алды.
- Мемлекет басшысының тапсырмасы бар. Халықты ауыз сумен қамтамасыз етуді біртіндеп 2024 жылға дейін шешу үшін облысымызда арнайы бағдарлама қабылданды. Енді осындай шағын ауылдарды ауыз сумен қамтуды бір жылдың ішінде шешетін боламыз, - деді аймақ басшысы.
Ауыл ақсақалдармен кездесіп, халықтың жағдайын сұрап, ауылда салынып жатқан осындай құрылысқа дұрыс бақылау жасау керектігін айтты.
Биылғы жылы ауданда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы арқылы бірнеше нысанға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қомақты қаражат бөлініп, жұмыстар іске асқан еді. Сондай нысандардың біреуі Байқоныс ауылындағы мәдениет үйі. Жөндеу жұмыстарымен танысып, халықпен кездесіп, алдағы уақытта осындай мәдениет ошақтары халыққа рухани құндылықтар сыйлап, өнерлі жастардың ордасына айналу керектігін ескертті.
Осы ауылдағы «Иларбек» шаруа қожалығының иелігіндегі шұжық шығару цехының жұмысымен танысып, табиғи таза өнім шығарып, халыққа қызмет етіп отырған кәсіпорын жұмысына табыс тіледі.
Одан кейін облыс әкімі аудандағы егін шаруашылығы жайғайымен танысып, «Лысов», «Алекпаров», «Алтай», «Команов», «Вильгельм» шаруа қожалықтарының егіндік алқаптарында болды. Жаздай жауын – шашынның аз болуына қарамастан, дер кезінде жүргізілген агротехникалық әдістердің тиімділігінің арқасында шаруалар гектарынан 10 центнерге дейін өнім алуда. Аймақ басшысы піскен егінді дер кезінде жинап үлгеріп, қарманға түсіріп, кептіріп, астық қамбаларын сақтауға қоюды тапсырды. Облыс әкімі сондай - ақ механизатор мамандарын жаңа техникалардың қыр - сырын үйретуге ден қоюдың қажет екендігін атап өтті.
Аймаққа атымтай жомарттығымен аты шыққан азаматтар бар болса, соның бірі – Александр Вильгельм. Осыдан екі жыл бұрын жеке өз қаражатына Львовка ауылында қазіргі замаға сай балабақша салып берген еді. Ауыл балаларына барлық қажеттіліктер бар. 30 балаға арналған балабақша құрылысына шаруа қожалығының иесі 40 миллионнат астам қаржы жұмсаған. Мұнда бүгінгі күні ауылдың 2 ден 5 жасқа дейінгі 24 баласы тәрбиеленуде. Осы «Зернышко» балабақшасында және А.Вильгельм иелігіндегі қайта жаңғыртудан өткен қонақ үй кешенінде болған аймақ басшысы ауданда осындай азаматтар көп болса, халық ешқайда көшпей, жұмыспен қамтылатындығын атап өтті. Өз кезегінде шаруа қожалығының иесіне алғысын білдірді.
Облыс әкімі алдағы оқу жылына әзірлік мықты болуын ескертіп, Львовка орта мектебінде, аудан орталығындағы балалары үйінде, аудан оқушыларына қосымша білім берумен айналысатын Оқушылар үйі мен аудандық музыка мектебінде және дене шынықтыру сауықтыру кешенінде болады. Ауданда қоымша білім берудің жақсы жолға қойылғандығын атап өткен аймақ басшысы балалардың денсаулығы мен олардың бос уақыттарын тиімді пайдалану керектігін атап өтті. Сапар соңында аудан әкімі Ернұр Әйткенов аймақ басшысына биылғы жылы аудан орталығы Тереңкөл ауылындағы 20 көшенің жолдары асфальтталып, аяқталғанын жеткізді. Келесі жылы қысқа көшелердегі қалған үш шақырым жолды аудандық бюдждет арқылы жөнделетіндігін айтты.
Іс сапар соңында аймақ басшысы аудан басшылығына бірқатар тапсырмалар жүктеді.