Ардақты аналар мен аяулы ханымдар!

Ардақты аналар мен аяулы ханымдар!

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні – шуақты көктемнің ең ізгі, мейірім мен сүйіспеншілікке толы мерекесі. Сіздерді төл мерекелереңізбен шын жүректен құттықтаймын!

Аяулы аналардың нәзік жүрегі сүйген жарына, перзентіне, туған жері мен Отанына деген махаббатқа толы. Тіршілік атаулыға мағына, мән беріп, дүниені пәк қалпында ұстап тұрған арулардың жүрегіндегі сол ізгі сезімдер. Сол үшін біз оларды ерекше құрметтейміз.

Қазақ әйелі – ең әуелі, ардақты ана, отбасының сақтаушысы болып отыр. Ол дүниеге әкелген перзенттеріне тәлім-тәрбие беру жолында жан жылуымен жүректегі мейрімін аяған емес. Балалар біздің болашағымыз десек, аналарымыз сол жасұрпақтың бойына адалдық, шыншылдық, адамгершілік, имандылық пен отансүйгіштік деген асыл қасиеттерді дарытып жүр.

«Қыз өссе елдің көркі» деген дана халқымыз қыз баланы ерекше құрметтеп, әрқашан төрден орын берген. Қазір де еліміздің өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп жүрген арулар баршылық. Біздің қоғамымызда әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол мемлекеттік қызмет пен қоғамдық істе де, кәсіпкерлік пен тәлімгерлікте де тамаша табыстарға қол жеткізе отырып, саяси мәселелерге белсене араласатын қоғам мүшесі. Сондықтан елімізде әйел адамның әлеуметтік қорғалуына, олардың өмір сүру деңгейін арттыруға айрықша мән беріледі.

 

Қымбатты ханымдар!

Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасылық бақыт пен қызметтеріңізге сәттілік тілеймін!

Жүздеріңізден күлкі, көңілдеріңізден қуаныш кетпесін!

 

 

Аудан әкімі                                                               А. Маңғұтов