Ұстаздар күні қарсаңында аудан әкімі С.Батырғожинов аудан орталығындағы бірқатар ардагер ұстаздарды кәсіби мерекемен құттықтап, еліміздің жарқын болашағы үшін атқарған елеулі еңбектеріне зор алғысын білдірді. Ұстаздарға мықты денсаулық пен ұзақ өмір тіледі.
«Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын мұғалімдікі» - деген Мағжан Жұмабаевтың сөзі бар. Елімізде соңғы жылдары «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданып, мұғалімдердің еңбекақылары жыл сайын артып келеді. Биылғы жылы мектеп бітірген ауданымыздың түлектерінің басым көпшілігі осы мамандықты таңдап, оқуға түсіп отыр. Мұның өзі мәртебелі мамандықтың салмағы артып келеді деген сөз. Ұлтты тәрбиелеп, оған бар білім мен тәрбиені беріп келген ұстаздар қауымына құрмет те арта берсін деп тілейміз.