САҚТАНСАҢ – САҚТАЙДЫ!

САҚТАНСАҢ – САҚТАЙДЫ!

Коронавирус инфекциясы бүкіл дүние жүзіне таралып, миллионнан астам адамның өмірін қиды. Қауіпті індет елімізді де айналып өтпеді. Аты жаман індеттің емі әлі табылмай отырғаны өкінішті. Каратиндік режимнің арқасында сәл де болса бәсеңдегендей болған СОVID-19, соңғы күндері қайта өршіді. Қазір Павлодар облысы «қызыл аймақта».
Дүниежүзіне тарап үлгерген СОVID-19, оның коронавирус белгілері бар пневмония ауруы біздің аудан тұрғындары арасына да жетті. Осыған орай өңірдегі бүгінгі эпидемиологиялық жағдайды білу мақсатында аудандық орталықтандырылған аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Дамир Фахирслямовпен кездестік.
- Дамир Құсайынұлы, аудандағы эпидемиологиялық жағдайға тоқталып өтсеңіз?
«Биылғы жылы ауданымызда жалпы 21 адам коронавирусқа шалдықты. Оның 12- і ауру белгілері жоқ адамдар болса, 9 науқаста белгілері анықталды. Диагноздары расталған науқастар облыстық инфекциялық аруханасында ем алды. Коронавирус инфекциясының белгілері жоқтар – үй жағдайында, карантинде жатып емделді. Ал енді биылғы қазан - қараша айларында жаңа 4 жағдай тіркелді. Екеуінде коронавирустың белгілері анықталса, қалған екеуі – симптомсыз болды.
- Екінші толқынға дайындық қандай?
Жағдай былай: қазіргі уақытта аудандық ауруханада вирусқа шалдыққандарға арналған 80 төсек орын дайын. Он екі адамға кислородты қамтамасыз ететін нүктелері бар. Одан басқа 5 дана жасанды демалу аппараттары мен 19 дана кислород концентраттары қойылды. Жиырма шақты пульсоксиметрлер т.б. аппарат түрлері дайын. Бүкіл аурухана «таза» және «кір» аймаққа» бөлінген. Емдеу мекемесіне кіреберісте арнайы туннель орнатылып, қол жуғыш дизенфекциялық құралдармен қамтамасыз етілген. Дене қызуы, тұмау белгілері бар адамдарға арналған фильтр кабинеті бар. Сондай-ақ 3 мобильді бригада жұмыс істейді. Ауруханада карантиндік 10 төсек орын дайын. Мұнда науқастарға ем - дом көрсететін 1 дәрігер, 4 медбике, 5 кіші медициналық қызметкерлері бар. Медициналық кадрларға тапшылық жоқ. Коронавирус инфекциясынының алдын алу бойынша барлық медициналық қызметкерлер арнайы вирустан қорғайтын костюмдер мен бір реттік бетперделермен қамтылған. Егер де пневмония індеті расталса, ол адамға амбулаториялық ем-дом көрсетіліп, тегін дәрі - дәрмек, дене қызуын түсіретін антибиотиктермен қамтамасыз етіледі.
- Егер де кәдімгі тұмау тиіп, дене қызуы көтерілген жағдайда не істеу керек?
- Ыстығы немесе тұмау белгілері бар науқастар міндетті түрде 22-0-32 телефонына хабарласып, мобильді бригаданы үйге шақырту қажет.
-Ауыр дерттің алдын алу бойынша емхананың қажетті дәрі- дәрмекпен дезинфекциялық құралдарымен қамтылуы қалай?
- Бүгінде аудандық ауруханада дезинфекциялық құралдар, қажетті дәрі - дәрмектер мен медицина қызметкерлеріне арналған арнайы киімдердің үш айға жететін қоры бар.
-Аудан тұрғындарына қандай кеңес бересіз?
-Коронавирустың алдын алып, қауіпті дертті болдырмау үшін ең алдымен жасы 60-65 тен асқан адамдар, сондай-ақ созылмалы аурулары бар қарттар үйден шықпағандары дұрыс, Сондай-ақ аудан тұрғындары қауіпсіздік шаралары: қол жуып, әлеуметтік арақашықтықты сақтап, көпшілік жерлерден бас тартып, бетперде киюді ұмытпағандары жөн. Сонда ғана біздер өз өзімізді, жақын - туыстарымызды аурудан сақтаймыз.