МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ - ХАЛЫҚ ИГІЛІГІ ҮШІН

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ - ХАЛЫҚ ИГІЛІГІ ҮШІН

Дүйсенбі, 19 шы қазан күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасы нормаларын сақтау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша семинар өтті.
Семинарға аудан әкімі Ернұр Әйткенов, Павлодар облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Дидар Ибраев, Павлодар облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жанындағы ақпараттық-ағарту штабының жетекшісі, мониторингтік топтың мүшесі Еркеғали Жаңғазы және ауданның мемлекеттік қызметкерлері қатысты.
Семинар барысында Павлодар облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Дидар Ибраев пен аудан әкімінің орынбасары, аудандағы Әдеп жөніндегі уәкіл Раушан Ыбыраева "Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы және мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің нормаларын бұзудың алдын алу бойынша жұмысты ұйымдастыру туралы" мәселесі бойынша сөз сөйледі.
- Мемлекеттік қызметшінің қызметтік этикасын сақтау - бұл мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға, сыбайлас жемқорлықты барынша азайтуға және халықтың сенім деңгейін арттыруға жол. Мемлекеттік қызметшілер шешімдерді дайындау, жобалық құжаттарды әзірлеу және басшылықтың тапсырмаларын орындау кезінде әдептілік, парасаттылық танытуы қажет, - деп атап өтті Д.Ибраев.
Этика сыбайлас жемқорлықтың кез-келген көріністеріне мүлдем төзбеушілік, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін үздіксіз арттыру және ұжымда қолайлы моральдық-психологиялық ахуал орнату кезінде көрініс табуға тиіс. Жалпы мемлекеттік билік жүйесінде парасаттылық мәдениетін қалыптастыру маңызды.
- Ай сайын әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметшілерді, басқа да азаматтарды қабылдайды. Осы жылдың 9 айы ішінде екі рет онлайн режимінде мемлекеттік қызметшілерге түсіндіру жұмыстары өтілді. Жаңадан қызметке қабылданған 7 мемлекеттік қызметшіге көмектер көрсетіліп, ұжымдардағы моральдық-психологиялық жағдайды зерделеу жүргізілуде. Осы уақытқа дейін мемлекеттік қызметшілердің қызметіне байланысты арыз – шағымдар түскен жоқ. Мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылады, - деп атап өтті Р.Ыбыраева.
Д.Ибраев өмірден нақты мысалдар ала отырып, мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа және заң бұзушылықтарды болдырмаудың жолдарын айтып берді.
Адалдық мәдениетін қалыптастыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кезінде қоғамдық бақылау шараларын қолдану туралы Павлодар облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жанындағы ақпараттық-ағарту штабының басшысы, мониторингтік топтың мүшесі Еркеғали Жаңғазы сөз сөйлеп, жемқорлықпен күресу үшін қоғам өкілдерін тарту керегіне тоқталды.
Аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас маманы Т.Грушева аймақтағы сыбайлас жемқорлықпен күресу бойынша қабылданған шаралар туралы және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау нәтижелері туралы айтып берді. Баяндамашының айтуынша, "Адал көмек" жобасы аясында ауданның лауазымды тұлғалары әлеуметтік желілерде тұрақты түрде тікелей эфирлер өткізіп тұрады. "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы аясында жазда "TERENKOL - OPEN" фронт кеңсесі ашылды. Онда аудан тұрғындарына сұрақтармен, проблемалармен, шағымдармен және ұсыныстармен тікелей ауданның мемлекеттік мекемелерінің өкілдеріне жүгінуге мүмкіндік берілген. Дербес бөлімдерде, сондай-ақ ауыл және аудан әкімдіктерінде ұйымдастыру-басқару қызметінде, нормативтік-құқықтық актілерде, мемлекеттік қызмет көрсету кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізіледі.
Семинарды қорытындылаған аудан әкімі облыс орталығынан келген қонақтарға алғысын білдіріп, осындай кеңестердің ауылдағы қызметкерлерге тигізер көмегі көп екендігін жеткізді.
Өз тілшіміз