2025 жылы Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату (бұдан әрі – ҚЭК) зауыттарын салу бойынша инвестициялар туралы келісімдер (бұдан әрі – ИК) жасалды. ИК аясында жоғарыда көрсетілген қалаларда электр энергиясына тариф 1 кВт/сағ үшін 55 теңге мөлшерінде белгіленді.
ҚЭК тетігін енгізудің мақсаты – қалдықтарды қайта өңдеу үлесін арттыру, қалдықтарды көму полигондарына түсетін қалдықтар көлемін қысқарту, қалдықтарды кәдеге жарату саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру және соның нәтижесінде қалдықтардың қоршаған ортаға теріс әсерін азайту.
Қазіргі уақытта қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жобалары Еуропаның көптеген елдерінде, Корея Республикасында, Қытай Халық Республикасында, Жапонияда және басқа да мемлекеттерде табысты іске асырылып келеді.
Қазақстанда іске асырылатын жобалар Еуропалық Одақтың өнеркәсіптік шығарындылар жөніндегі директивасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл атмосфералық ауаға ластаушы заттардың шығарындыларын барынша азайтуды қамтамасыз етеді.
Осыған байланысты қазіргі уақытта облыс орталықтарында әлеуетті инвесторлармен осыған ұқсас шарттарда тікелей инвестициялар туралы келісімдер жасау мәселесі қарастырылуда.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қазақстан Республикасы аумағында ҚЭК жобаларын іске асыруға ниетті және дайын мүдделі инвесторлармен өзара іс-қимыл жасауға және олардың бастамаларын жан-жақты пысықтауға дайын екенін білдіреді.