
5 маусым күні Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында Павлодар қаласында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған қалдықтарды қайта өңдеу кәсіпорны – «Сортировочный центр» ЖШС-не баспасөз туры ұйымдастырылды.
Іс-шараға экологтар, салалық мамандар және БАҚ өкілдері қатысты. Қатысушылар өңірде қалдықтарды басқарудың заманауи жүйесін дамытуға бағытталған жобаның іске асырылу барысымен танысты.
Баспасөз туры барысында кәсіпорында сұрыптау кешенін іске қосуға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқаны атап өтілді. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін мұнда қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және олардан қайта өңдеуге жарамды екінші реттік шикізатты іріктеу жоспарлануда.
Жобаны іске асыру полигондарға көмілетін қалдықтардың көлемін азайтуға, екінші реттік ресурстарды қайта өңдеу деңгейін арттыруға және өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Кәсіпорын ағымдағы жылдың өзінде пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Баспасөз туры Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.