
Павлодар облысында Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні мен Эколог күні аталып өтті. Кәсіби мерекеге орай облыс әкімдігінде қоршаған ортаны сақтау мен өңірдің экологиялық мәдениетін дамытуға елеулі үлес қосқан мамандарды салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов өңір үшін экологиялық күн тәртібінің маңыздылығын атап өтіп, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан табиғатты қорғау жобаларының белсенді түрде іске асырылып жатқанын айтты.
Іс-шара барысында қоршаған орта сапасын жақсартуға, қалдықтарды басқару жүйесін дамытуға, елді мекендерді көгалдандыруға және халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған бастамаларды үйлестіретін Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының қызметіне ерекше назар аударылды.
Көпжылдық адал еңбегі мен жоғары кәсіби біліктілігі үшін Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ведомстволық наградасы – «Экология саласының үздігі» төсбелгісімен Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Сағын Төлеутаев марапатталды.
Аталған марапатқа Павлодар облысы Экологиялық кеңесінің мүшесі Ирина Чидунчи мен басқарманың бас маманы Евгения Глушко да ие болды.
Салтанатты рәсім аясында табиғатты қорғау қызметіне белсенді қатысып жүрген сала мамандары, кәсіпорындар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Іс-шараны қорытындылаған Асаин Байханов экологтарға жауапты еңбегі мен Ертіс өңірінің табиғи байлығын сақтауға қосқан үлестері үшін алғыс айтып, кәсіби қызметтеріне табыс тіледі.