
12 тамызда аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті жоспарлы отырысы өтті. Отырысты Қоғамдық кеңестің төрайымы Қалыбаева Бахтылы Қайырбекқызы жүргізді.
Жиынға Шарбақты ауданының ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сұлтанов Ақылбек Баязитұлы қатысты.
Отырыстың күн тәртібінде төрт мәселе қаралды.
Бірінші мәселе – «Шарбақты ауданы аумағында құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша Шарбақты ауданының полиция бөлімі тарапынан 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстар туралы» есеп.
Аталған мәселе бойынша Шарбақты ауданының полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Әбусеитова Сабира Әбусеитқызы баяндама жасады.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық Қоғамдық кеңес мүшелері полиция бөліміне халықпен, әсіресе ауылдық округтер тұрғындарымен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын күшейтуді ұсынды. Атап айтқанда, бағдаршамдарды дұрыс пайдалану тәртібін түсіндіру, тұрғындармен кездесулер өткізу және осы бағыттағы ақпараттарды әлеуметтік желілерде жариялау қажеттігі атап өтілді.
Сонымен қатар электрсамокаттар мен скутерлердің қозғалысына ерекше назар аудару ұсынылды. Себебі кейбір жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін сақтамай қана қоймай, түнгі уақытта қоғамдық тәртіпті бұзу жағдайларына да жол береді.
Қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында мобильді топтардың жұмысын жалғастыру, сондай-ақ ауылдық округтерде учаскелік полиция инспекторларының криминалдық полиция қызметкерлерімен бірлесіп патрульдеу жұмыстарын күшейту жөнінде ұсыныстар берілді.
Екінші мәселе – «Ауданның білім беру ұйымдарының 2026-2027 оқу жылына дайындығы туралы».
Осы мәселе бойынша Шарбақты ауданының білім бөлімінің басшысы Нурсеитов Дәурен Қалдыбайұлы баяндама жасады.
Талқылау барысында Қоғамдық кеңес мүшелерінің алаңдаушылығын мектептердегі алғашқы әскери даярлық сабақтарын өткізуге қажетті жағдайдың қамтамасыз етілуі, атап айтқанда, қажетті құрал-жабдықтардың, макеттердің, противогаздардың және басқа да оқу құралдарының жеткіліктілігі туындатты. Осыған байланысты ауданның білім бөліміне қажетті қаражатты қарастырып, аталған мәселені шешу ұсынылды.
Сонымен қатар оқушылар контингентін сақтау, мектептерді автобустармен, қажетті құрал-жабдықтармен және оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету мәселелері бойынша бірқатар сұрақтар қойылды.
Білім беру ұйымдарының цифрлық оқытуға толық дайын болуын қамтамасыз ету қажеттігі де атап өтілді.
Үшінші мәселе – «Ауданның 2026-2027 жылдардағы жылумен жабдықтау нысандарының алдағы жылыту маусымына дайындығы туралы».
Бұл мәселе бойынша Шарбақты ауданының нақты сектор экономикасы бөлімінің басшысы Айтмұхамбетов Жандос Дәуітұлы баяндама жасады.
Қоғамдық кеңес мүшелері халықты көмірмен қамтамасыз ету, қазандықтардың алдағы жылыту маусымына дайындығы, қазандық операторларының оқуынан өткізілуі, олардың еңбекақысын төлеу және басқа да мәселелерге қызығушылық танытты.
Ауданның нақты сектор экономикасы бөліміне анықталған кемшіліктерді жылыту маусымы басталғанға дейін жою, сондай-ақ бекітілген нормативтерге сәйкес қажетті көмір қорын қалыптастыру ұсынылды.
Төртінші мәселе – «Шарбақты ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және электрондық қызметтерді танымал ету бағытындағы жұмысы туралы».
Аталған мәселе бойынша Шарбақты ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нургалиева Айгүл Жамбырбайқызы ақпарат берді.
Қоғамдық кеңес мүшелері электрондық үкімет порталы арқылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электрондық форматта алу мүмкіндіктерін халық арасында кеңінен насихаттау жұмыстарын жалғастыруды ұсынды.
Сондай-ақ азаматтарға электрондық форматта қызметтерді өз бетінше алуға практикалық көмек көрсету, тұрғындармен тұрақты түрде кездесулер, «Ашық есік күндерін» және азаматтарды көшпелі қабылдауды ұйымдастыру қажеттігі атап өтілді.
Отырыс барысында аудандық Қоғамдық кеңес мүшелері күн тәртібіндегі мәселелерді белсенді талқылап, өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді.
Отырыс қорытындысы бойынша аталған бағыттардағы жұмыстарды одан әрі жандандыру және олардың тиімділігін арттыру жөнінде тиісті ұсынымдар берілді.
Аудандық Қоғамдық кеңес хатшысы-Кокина К.Т.