Жаны жомарт Нұржамал

Жаны жомарт Нұржамал

Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау қашан да маңызды. Бұндай игілікті шара ауданымызда жалғасын тауып отыр. Күні кеше ауызбіршілігі жарасқан Есілбай ауылының тұрғындары жалғыз басты анаға үй салып берсе, бүгінде жергілікті кәсіпкер көпбалалы анаға үй сыйлады.
Нақтылап айтсақ, Шарбақты ауылының тұрғыны, 37 жасында 5 баланың анасы атанған Самал Иманқұлова баспаналы болды.
Самал Иманқұлованың қуанышында шек жоқ. Себебі ағымдағы жылдың бірінші қазанында өз үйіне отбасымен қоныстанды. Ізгі жандардың демеуімен бар қиындық артта қалды. Қуаныштан қатты толқыған ол өзіне қиын кезде көмектескен, мұң-мұқтажын елеген кәсіпкерге алғысын айтты.
- Баламның үлкені 14 жаста, кенжесі - 9 айлық сәби. Әр баланың өз несібесі бар деп, тағдырымызға тәубе айтып, өмір сүріп келген едік. Алайда өз үйің болмаған қиын екен. Көп жылдан бері жалдамалы үйде 5 баламмен күн көріп келдік. Енді міне, қайырымды кәсіпкердің арқасында арманыма қол жеткіздім, үйлі болдым. Бізге көмек қолын созған Нұржамал Қарашашеваға үлкен алғысымды айтамын, - деп ризашылығын білдірді.
Жалпы Нұржамал Кәріполлақызы ауданымыздың тәжірибелі, жігерлі, бастамашыл, өзіне сенімді кәсіпкерлерінің бірі. Көп жылдар бойы Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі болып табылады. 2000 жылдардың басында ел кәсіпкерлері съезінің делегаты болды. Республиканың үздік кәсіпкерлерінің съезінде Елбасы Н.Назарбаевтың қолынан «Жыл кәсіпкері» кубогына ие болған.
Өз ісін дамыта отырып, ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысады. Қайырымдылықпен және волонтерлікпен айналысады. Ауданның мұқтаж тұрғындарына өз кәсіпорнының өнімдерімен, сондай-ақ азық-түлік және көкөністермен қолдан келгенше көмек көрсетеді. «Мектепке жол», «Қамқорлық» қайырымдылық акцияларында белсенділік танытып жатқан жаны жомарт жандардың бірі.
Б.Омарова,
аудандың кәсіпкерлер палатасының директоры