Хасар Хабылбеков жұмыс сапары аясында желілер жөндеуден өткізіліп жатқан нысандарындағы жұмыстардың барысын тексерді. Биыл бұл аумақтарда асфальт төсеу жоспарланған.
Назарбаев даңғылының Баймолдин көшесінен Радищев көшесіне дейінгі учаскесінде «Павлодар Водоканал» ЖШС диаметрі 630 мм болатын апаттық су құбыры бөлігін ауыстыру жұмысын жүргізуде. Бүгінгі күні жоспарланған 570 метрдің 170 метрі төселді.
Назарбаев даңғылының Естай көшесінен Торайғыров көшесіне дейінгі бөлігінде магистралды су құбырын қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Уақытша құбыр желісі орнатылып, жуып-шайылған. Қазір мамандар тұтынушыларды жаңа желіге қосу және негізгі желіні санациялауға дайындау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қаз-правда көшесінде диаметрі ұлғайтылған жаңа кәріз коллекторын орнату жалғасуда. Жақын арада даңғыл астынан көлденең бағытта бұрғылау жұмыстары жүргізіліп, коллектор Курск көшесіне дейін жалғасады.
Хасар Хабылбеков барлық жауапты қызметтер мен мердігер ұйымдарға жұмысты белгіленген мерзімде сапалы әрі жедел аяқтап, асфальт жабындысын қалпына келтіруді тапсырды.