Логотип еңбекті, ынтымақтастықты және прогресті бейнелейтін жолақты сызықтардың тоғысуын көмкерген тегершіктің мәнерлі суретін бейнелейді. Тегершіктің айналасында Қазақстан Республикасында жұмысшы мамандықтарды дамытуға жұмсалған күш пен энергияның маңыздылығын көрсететін күн сәулелері орналасқан.
Естеріңізге саламыз, 2024 жылғы қыркүйекте Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялады. Президент Қ.Қ.Тоқаев атап өткендей, Жұмысшы мамандықтарының жылы қоғамымызда қажырлы еңбек пен кәсіпқойлық идеясын ілгерілетуге көмектеседі. Адал еңбек етуге ынталы жандарға мемлекет қашанда болмасын қолдау көрсетеді. Бұл «Адал еңбек – Адал табыс» қағидасына толық сәйкес келеді және Әділетті Қазақстанды құрудың іргелі факторларының бірі болып табылады.