Біз қазір сіздерге қоғамдық көлікте жол жүру ақысын көтеруге жол бермейміз

Біз қазір сіздерге қоғамдық көлікте жол жүру ақысын көтеруге жол бермейміз

Бүгін Асайын Байханов қаланың барлық автобус парктерінің басшыларымен кездесті: «№ 1 автобус паркі» ЖШС, «Павлодар автокомбинаты» ЖШС, «Таксомотор» ТФ ЖШС, «РАС» фирмасы ЖШС, «Оптимист» ИҰОҚ, «Жолаушылар көлігі альянсы» ЖШС, сондай-ақ, кездесуге Павлодар облысы көлік қызметкерлері одағы қауымдастығының басшысы Василий Рудаков қатысты.

Павлодар әкімі қала әкімдігімен барлық 16 жеңілдік санатындағы азаматтардың жолақысы үшін өтемақы төлеу бойынша міндеттемелердің толық көлемде орындалғанын атап өтті. 2021 жылдың 10 айы үшін тасымалдаушыларға 332 млн. теңге қаражат төленді. Бұдан басқа, осы аптада қосымша бөлінген 192 млн. теңгені төлеу басталды. Бүгінгі таңда барлық 6 тасымалдаушы кәсіпорынға 94 млн. теңге сомасында қаражат төленді. Жыл соңына дейін қалған сома толықтай жіберілетін болады.

- Павлодарлықтардан қала әкімдігіне жүргізушілер мен кондукторларға көптеген шағымдар келіп түсуде. Көп жағдайда жүргізушілер біздің тұрғындарға оларды тегін тасымалдайтынын және оларға ол үшін  ешкім өтемақы төлемейтінін айтады. Бұл жалған ақпарат және бұған мүлдем жол беруге болмайды. Біз сіздерге (тасымалдаушыларға) жеңілдікті санаттағы азаматтар үшін төленетін барлық тиісті төлемдерді жасаудамыз және алдағы уақытта да өз міндеттемелерімізді орындайтын боламыз. Сіздердің міндеттеріңіз осыны өз қызметкерлеріңіз бен маршруттарды жалға алушыларға (ЖК) түсіндіру. Маршруттар бойынша келісім-шартты біз Сіздермен жасастық және сіздерге жеңілдікті санаттағы жол жүру үшін барлық қажетті өтемақыларды төлейміз және оны әрі қарай да жалғастырамыз. Бірақ халыққа сапасыз қызмет көрсету, тіптен тұрғындарға дөрекі сөйлеп, жалған ақпарат айтуға біз жол бермейміз, бұл әділетсіз, - деді Асайын Байханов.

Сондай-ақ, Асайын Байханов тасымалдаушылардан электрондық билеттеудің бірыңғай операторын өз бетінше анықтауды талап етіп, тасымалдаушылар мен электрондық билеттеу операторының жұмысы қала әкімдігінің араласуынсыз екі тараптың шарттық міндеттемелері екенін, бірақ бұл қала тұрғындары үшін ыңғайлы және қолжетімді болуы тиіс екенін атап өтті. Тасымалдаушылар өз кезегінде 2021 жылдың желтоқсан айының ортасына дейін бір операторды таңдау мәселесін қарастыратындарын мәлімдеді.